Парламент каникулға кетті.
8-шақырылым депутаттары 3-сессиясын аяқтап, атқарылған жұмыс бойынша Мәжіліс төрағасы ақпарат берді. Депутаттардың мансап үшін емес, мақсат үшін қызмет еткенін айтып, қоғамды толғандырған заңдарды қабылданғанын жеткізді. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданған. Әр сауалдың артында халық көтерген мәселе тұр. Демек, Парламент пен Үкімет үйлесімді қызмет етсе түйткілдер түбірімен шешіледі, деді спикер.
Ертеңнен бастап депутаттар ел аралайды. Күзге дейін Парламентке келмейді. Демалысын да, сайлаушыларымен жиналысын да сол 2 айға сыйғызады.
Осымен үшінші сессия бітті. Енді өткенге есеп беру керек. Қос палата 3 бірлескен және 39 жалпы отырыс өткізді. 158 заң жобасын қарап, 89 құжатты қабылдады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік. Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. Биылғы жылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті.
Бюджет кодексі де бекіді. Бастысы, бюрократиядан арылтып, ауыл-аймақтың өз қолы өз аузына жетуін қамтамасыз ету.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Жаңа заңнамалық нормалар Ұлттық қор ресурсының тиімсіз жұмсалуына берік тосқауыл қояды. Ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында өңірлердің бюджеттік дербестігі артты. Салық түсімдерін жергілікті бюджеттер деңгейіне беру жалғасын тапты. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде жергілікті бюджеттердің кірісі артып келе жатқанын байқап отырмыз.
Жұртты зарықтырып, Парламентті зорықтырған заң – салық кодексі. Спикердің өзі бірде-бір құжат бұлай талқыланбағанын айтты. Жұмыс тобындағылар саны 300 адамға дейін жеткен. Түбі кім көп табыс тапса, сол көбірек төлейтінге тірелді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылды. Бірақ бәріне жақпайсың. Ұсыныс болса әлі де ұғынысамыз, деді депутат.
Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді осындай шешім қабылданды. Толық қанды нәтижеге жеттік деп айта алмаймын. Себебі, біраз уақыт керек. Бұны зерттеп көру керек. Эффекстісін берді ме, бермеді ме?
Су кодексінен де шу шықты. Бұған дейінгі сессияда қабылдануы тиіс құжаттың бір қайнауы кем болған. Күзетіп-түзетіп, биыл қолданысқа енгізіп жіберді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрынғы су кодексі тұтынуға арналған еді. Ал мынау үнемдеуге арналған. Қайта пайдалану суды тазалап. Цифрландыру, бұрын ол болған жоқ.
Парламент МӘМС-тің мәселесін шешуге тырысты. Енді жұмыссыз немесе жұмыс істемейтіндер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Осылайша млн.нан аса азамат қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылады. Онкологиялық тексеріс те тегін болады. Бұл 3 жарым млн адамға жасалған жеңілдік. Міндетін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерлерінің отбасыларына да қолдау жасалды. 530 отбасыға ай сайын жәрдемақы төленеді. Кибералаяқтықпен де күрес күшейді. Дропперлер қылмыстық жауапқа тартылады. Тіпті, сыйақы үшін банк картасын үшінші тұлғаға берген адам да заңмен қудаланады. Былтыр дроп-картадан келген шығын 24 млрд теңге. Ал, алда амнистия. 15 мыңнан астам сотталған рақымшылыққа ілігеді. 2 мыңдайы бостандыққа шықса, қалғанының жаза мерзімі қысқартылады. Бірақ, дөп сауал жолдағанмен көп сауал көкейде кетіп барады. Мәселен, шекараларға елді қоныстандыру.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Әрине шекаралас аудандарға қарау керек. Көптеген мәселе бар...
Құмырсқаның илеуіндей құрылыстан құтылып, үлескерлердің ұрынып қалмауы мен сапалы ғимараттар салынуын қамтитын құжат әлі қабылданбады. Өйткені шырғалаңы көп. Ширату керек.
Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл саланы дұрыс бір ізге түсіру керек. Үлескерлердің даулары, құрылыс сапасы. Мәселе құрылысты тексеруде, техникалық, технадзор. Негізі заңның ширағаны жақсы. Белгілі бір саясатқа байланысты қабылданбай жатыр деп айта алмаймын.
Нысаналы Ығыл, тілші:
- Құрылыс кодексінен бөлек келесі сессияға көшкен келелі мәселе ретінде құқық бұзудың алдын алу тұр. Яғни, профилактика алдыңғы орынға шықпақ. Тұтынушы құқығын қорғау да саладағы қордаланған проблемаларды шешу сұранысынан туып отыр. Банк және қаржы саласына қатысты заң жобалары да жүйеленеді. Ал, алдағы 2 ай депутаттар елмен кездеседі. Сөйтіп, қыркүйекте саяси маусымға жұрт сауалын жиып, жауабын беруге кіріседі.
Нысаналы Ығыл, Асхат Серікұлы