Павлодар облысы Успен ауданындағы мансап орталығының қызметкерлері мемлекетке 144 миллион теңге көлемінде залал келтірді.
Олар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты талан-таражға салған. Заң бойынша өзге аймақтардан қоныс аударғандар сатып алған баспана құнының жартысын мемлекет төлейді. Бірақ өтемақы көлемі 4,5 млн теңгеден аспау керек. Алайда орталық қызметкерлері келісім-шартта үй бағасын әдейі көтеріп көрсеткен. Ал оның үстемесін өздері иемденген.
Дарина Зкриянова, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
- Осылайша алаяқтық әрекеттер арқылы бюджет қаражатын заңсыз алу және жымқыру схемасы жасалды. Мемлекетке келтірілген жалпы зиян сомасы 144 миллион теңгені құрады. Жасалған әрекеттердің ауырлығы мен олардың салдарын ескере отырып, мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Сот екі айыпталушыны кінәлі деп таныды. Біреуіне 5 жыл бас бостандығынан айыру, екіншісіне 3 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.