What are you looking for?

Ақтөбе облысында «Ауыл Life» жобасы басталды

29.07.2025

Ақтөбе облысында «Ауыл Life» жобасы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Қалада туып-өскен жастар ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысып жүр. Қаймағы бұзылмаған Қобда ауылына барған бозбалалар мен бойжеткендер 3 күн бойы түрлі шеберлік сағатына қатысып, тәжірибе жинайды.

Ауылдың қым-қуыт тірлігі күнделікті мал күтімімен басталады. Алдымен сиырды сауып, өріске жібереді. Таңсәріде шелек алып, қораға келген жастарды «Ақ мол болса, бақ мол болады», – деп күтіп алған ақжаулықты әжелер сиыр саууды үйретті.

Зәбира Шаншарова, зейнеткер:

- Өзіміз 70-тен кетсек те, сиыр сауып, осы уақытқа дейін келіндерімізді үйреткен жағдайдамыз бар. Қазіргі жастардың да үйренуге өздерінің ынталары болуы керек. Сиырдан қорықпай, өздері келіп, сауып үйренген жөн. Ертең осы үйренген заттарының барлығы да тұрмысқа шыққан уақытта пайдалы болады.

Ірі қараны өріске шығарған соң жігіттер жағы шөп шабу науқанына атсалысты. Колледждің соңғы курсына көшкен Жансейт Қуандықов: «Елдің берекелі тірлігіне тәнтімін», – дейді. Диплом алған соң ауылдардың біріне көшуге дайын. Автомеханик мамандығы да сұранысқа ие.

Жансейіт Қуандықов, студент:

- Ауылдың техникасын жөндеуге менің қабілетім келеді. Яғни тракторлар, КамАЗ-дар және тағы да басқа ауыр-ауыр техниканы жөндеуге болады. Ауылға келіп, шағын СТО ашуға болады. Ауылда жұмыс бар екеніне көзім жетті.

Қала жастарын қазақы салт, ғұрыппен таныстыратын «Ауыл Life» жобасының тағы бір мақсаты – өскелең ұрпақты ауылға тарту. Тұрғындардың қалаларға үдере көшуін тоқтату. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен танысты.

Самғат Артығалин, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Жыл сайын ұйымдастырғымыз келеді. Биыл бірге жатқызсақ, келесі жылы бес күндік етіп, бөлек аудандарды алғымыз келеді. Яғни қыз балаларды бөлек ауданға, ұл балаларды бөлек ауданға. Бізде барлығы 12 аудан болса, соның барлығын да жыл сайын қамтығымыз келеді. Себебі кез келген қаланың түп-тамыры ауылдан басталады. Қазіргі жастар соның барлығын түсініп, еңбекке жанын үйрету керек деп ойлаймын.

Бұл жолы Қобда ауылында 25 жас бас қосты. Ер жігіттер шөмеле үйіп жатқанда сиыр сауған қыздар сүт айырып, қаймағын алды. Ұлттық тағам – құртты жасады. Салт-дәстүр мен заманауи үрдісті ұштастыра білген жастар ауыл тірлігінің бейнеті мен зейнеті қатар жүретініне көз жеткізді.

Ақмұнар Исатайқызы, қала тұрғыны:

- Қаймақ, сүт, ірімшік, құрт жасап отырып, соны жеке бренд етіп, қалаларға жіберіп отыруға болады. Сондай өз брендіңді шығарып, мал өнімдерінен, таза, табиғи өнімдерден тағам жасауға болады. Қазір оған сұраныс өте көп және оның бағалары да жоғары.

Бірнеше күнге жоспарланған жоба аясында Қобда ауылының меймандары қой қырқу, ет жіліктеу мен шоққа таба нан басуды да үйренеді. Ауыл шеберлері қамшы өру, құмыра жасау, ұршық иіру сияқты ұлттық өнерден шеберлік сағаттарын өткізеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Social Link

Follow Me On Social Media