Қазақстан Үкіметі Көкшетаудағы жылу электр орталығын өз күшімен салу жөнінде шешім қабылдады. Бұған дейін бірегей жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сай жүзеге асырылуы тиіс еді. Бірақ көрші мемлекеттің кідіруіне байланысты Үкімет тапсырмасы бойынша жобаға қажет қаржы бөлініп, «Самұрық-Энерго» құрылысты бастап кетті.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов пен «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысын тексерді. Қазір мұнда топырақты зерттеу жұмыстары толығымен аяқталып, жобалау жұмыстары басталды. Жылу электр орталығының қуаты 240 мегаватт және жылу қуаты 520 гигакалория. Игі жоба халықтың электр және жылу энергиясына деген сұранысын толық қамтамысыз етуге мүмкіндік береді.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Бұл өте маңызды жоба. Бұл енді Президенттің тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқан үлкен іс-шара. Сондықтан қаланың дамуына қаланың кеңеюіне, қалада бір оң үрдісті жасауға керісінше бір ықпалын тигізіп отыр.
Нысан 300 гектардан астам аумақта бой көтереді. Мұнда газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, мазут шаруашылығы мен көмір қоймалары салынады.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Станцияны «Самұрық-Энергоның» еншілес компаниясы «Көкшетау ЖЭО» салады. Құрылыс кезінде заманауи Қытай жабдықтары қолданылады, сондықтан станцияның энергия тиімділігі жоғары, ал экологиялық әсері төмен болады. Біз болашақта станцияның қуатын кеңейту мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Осы мақсатта қажетті инфрақұрылым нысандарын салынады және керек болған кезде қосымша энергоблок салынады.
Жобалаушы мен бас мердігер облыс әкімімен «Самұрық-Энерго» басшысына жұмыстардың орындалу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ қажетті жабдықтарды дайындау үшін зауыттарға да тапсырыс берілді. Жалпы жоба бойынша нысан 2028 жылы пайдалануға беріледі.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный