What are you looking for?

Кибералаяқтардан қалай қорғануға болады? Полициядан – 10 кеңес

31.07.2025

Тәртіп сақшылары азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін еске салып, сақ болуға шақырды.

Алматы облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қонаев қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру іс-шарасын өткізді. Мақсат тұрғындарды онлайн алаяқтықтың түрлі түрінен сақтандыру және қауіпсіз интернет пайдаланудың маңыздылығын насихаттау болды. Сондай-ақ, Алматы облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Олжас Қосжанов интернет алаяқтықтан сақтануға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынды.

"Іс-шара барысында киберқылмыстардың қазіргі әдістері мен алданбаудың жолдары туралы ақпарат беріліп, азаматтарға интернетте жеке мәліметтерін қорғау және күмәнді сайттар мен хабарламалардан сақтану тәсілдері түсіндірілді. Осындай профилактикалық шаралар арқылы полиция онлайн алаяқтықты азайтып, тұрғындардың киберқауіпсіздігін арттыруды көздейді. Aspan Fest мәдени бағдарламасы аясында апта сайын өтетін ашық форматтағы акция қала тұрғындарын біріктіріп, мерекелік атмосферада полиция қызметкерлері маңызды ақпаратты кең аудиторияға тиімді жеткізе алды. Бұл акция тұрғындармен еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беріп, қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтты", – деді полицияның ресми өкілі Олжас Қосжанов.

Олжас Қосжановтың айтуынша, полиция қызметкерлері азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін еске салып, сақ болуға шақырған. Атап айтқанда, фишингтік сілтемелерге абай болу, жалған интернет-дүкендерге алданбау, "банк қызметкерлерінен" келетін күмәнді қоңырауларға сенбеу және инвестициялық тұзақтардан сақтану қажеттігін ескерткен. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары онлайн сауда кезінде мұқият болуға, бөгде адамдарға жеке және банк деректерін бермеуге кеңес берді. Күдікті жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарына жедел түрде жүгіну керектігін атап өтті.


Оқи отырыңыз: Интернет алаяқтары қоңырау шалса, не істеу керек? Полиция кеңесі


"Бұл ескертулер азаматтардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. Қазіргі таңда халықты ақпараттандыру, сондай-ақ құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыру өзекті мәселеге айналды. Осы бағытта полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайту мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Соның айқын мысалы – "Қазпошта" бөлімшелері мен қаланың танымал жағажайларында жүргізілген түсіндіру жұмыстары. Бұл орындар кездейсоқ таңдалмаған, өйткені полиция қызметкерлері ақпаратты көпшілікке кеңінен жеткізуге баса назар аударып отыр. Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы қоғамда өзара түсіністік пен сенімді қалыптастыруға ықпал етеді", – деді полиция майоры.

Полиция өкілі аталған шаралардың тұрғындардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталып, қоғамда сенім мен тұрақтылықты қалыптастыруға өз үлесін қосатынына сенімді.

Қазіргі заманда интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттер жиілеп кетті. Әсіресе жеке деректер мен қаржылық мәліметтерді ұрлауға бағытталған қылмыстар көбейіп отыр. Сондықтан азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы маңызды. Алматы облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Олжас Қосжанов киберқылмыстың алдын алу үшін мынадай қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстануға кеңес берді:

1. Құпиясөз – сіздің алғашқы қалқаныңыз.
Жеке аккаунттарыңызға мықты және күрделі құпиясөз орнатыңыз. Ол бас және кіші әріптерден, сандар мен арнайы таңбалардан тұруы керек. Әрбір сервисте әртүрлі құпиясөз қолдану ұсынылады.

2. Қауіпсіздік үшін қосымша растауды қосыңыз.
Екі факторлы аутентификация (2FA) – аккаунтыңызға бөгде адамның кіруін қиындататын тиімді амал. Әсіресе банк, пошта және әлеуметтік желілер үшін бұл әдіс аса маңызды.

3. Келген сілтемеге соқыр сеніммен кірмеңіз.
Хабарлама немесе хат арқылы келген белгісіз сілтемелерді ашпас бұрын, оның қайдан келгенін тексеріңіз. Белгісіз жіберушілерден келген хаттар фишинг немесе вирустық шабуыл болуы мүмкін.

4. Жеке мәліметтеріңізді тексерілмеген сайттарда қалдырмаңыз.
ЖСН, банк картасының деректері, логин мен құпиясөз секілді маңызды ақпараттарды тек сенімді ресурстарда ғана енгізіңіз.

5. Қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктеңіз.
Смартфоныңызға қажет бағдарламаларды тек Google Play немесе App Store сынды сенімді дүкендерден алыңыз. Бейтаныс сайттардан жүктелген қосымшалар зиян тигізуі мүмкін.

6. Құрылғыңызды қорғаңыз.
Компьютер немесе телефонда сапалы антивирус бағдарламасын қолданыңыз. Жүйелік жаңартуларды уақытында орнатып отыру да қауіпсіздік үшін маңызды.

7. Жалпыға ортақ Wi-Fi арқылы жеке мәліметтерге кірмеңіз.
Қоғамдық интернет желілерін пайдаланғанда банк қосымшаларына немесе жеке аккаунттарға кіруден аулақ болыңыз. Қауіпсіздік төмен желілерде деректеріңіз ұрлануы мүмкін.

8. Балалардың онлайн әрекетін қадағалаңыз.
Жасөспірімдер интернет кеңістігінде әртүрлі қауіпке тап болуы мүмкін. Ата-ана ретінде оларға интернеттегі алаяқтар мен қауіпті контент туралы түсіндіру – маңызды міндет.

9. Онлайн сатып алуларда сақ болыңыз.
Қаражат аудармас бұрын сатушының сенімді екеніне көз жеткізіңіз. Әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамалардан абай болыңыз.

10. Киберқылмыс белгілерін байқаған сәтте әрекет етіңіз.
Егер сіз интернеттегі алаяқтық әрекетті байқасаңыз немесе жеке деректеріңізге қол сұғылғанын сезсеңіз, бірден полицияға немесе 102 нөміріне хабарласыңыз.


Оқи отырыңыз: Deepfake қолданатын алаяқтардан қалай сақтанамыз? Полиция кеңесі


Social Link

Follow Me On Social Media