Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде кейінгі 10 жылда туберкулёзге қатысты эпидемиологиялық жағдай әжептеуір жақсарған. Қуантарлығы, аурудың осы түрін емдеу, диагностикалау медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін. Яғни туберкулёзге шалдыққан пациенттің МӘМС-ке тіркелген-тіркелмегені маңызды емес.
Көпшілігіміз біле бермейміз, еліміз Орталық Азия аймағында, посткеңестік кеңістікте туберкулёзге қарсы барлық іс-шараны мемлекет қаражаты есебінен жүргізетін жалғыз ел саналады. Аурудың алдын алу шаралары, емдеу бәрі-бәрі тегін қамтамасыз етіледі. Осының арқасында 10 жылдың бедерінде туберкулёздің таралу деңгейі 52%-ға төмендеген. Өлім-жітім 75,6%-ға азайған. Сондай-ақ пациенттердің белсенді контингенті 56%-ға төмендепті. Биылғы жыл басынан бергі 6 айдың қорытындысы бойынша 8092 туберкулёзбен ауыратын науқас есепте тұр. «Паллиативті» деп аталатын топтағы пациенттердің саны 82,1%-ға азайды, бұл топта 89 пациент есепте тұр.
Бүгінде еліміздің алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде туберкулёзді диагностикалаудың жаңа әдістері енгізілген. Соны технологиялар аурудың бар-жоғын, туберкулёз микобактерияларының дәрілік сезімталдығын небары екі сағат ішінде анықтауға мүмкіндік береді. «Gene Xpert» деп аталатын мұндай зерттеу МСАК желісі деңгейінде қолжетімді, аудандарда тегін. Бүгінде республика көлемінде осындай 148 аппарат бар. Осы бағыттағы басқа да жетістіктерді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фтизиатр-дәрігері, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшысы Мәлік Әденов айтып берді.
– Қазір елімізде туберкулёз инфекциясын анықтап, диагностикалауға манту сынамасы, АТР (туберкулёз рекомбинантты аллергені бар сынама), квантиферон сынағы (IGRA сынағы) қолданылады. Барлық облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтарда заманға сай жабдықтары бар бактериологиялық зертханалар жұмыс істейді. Мұнда дәрілік сезімталдықтың барлық спектрін анықтауға, пациенттерге ең тиімді емдеу тәсілін тағайындауға болады. Флюорографиялық скринингтердің тиімділігі 100 мың тексерілгенге 2,4 жағдайды құрады. Елімізде туберкулёзбен ауыратын науқастарды емдейтін 455 фтизиатр кабинеті, бақыланатын ем жүргізуге арналған 2564 кабинет жұмыс істейді. Емнің амбулаториялық кезеңінде, алты айдың қорытындысы бойынша, 5955 пациент бар, олардың 37%-ы ем-домды онлайн режімде алады, – дейді М.Әденов.
Туберкулёзге шалдыққан науқастарға инъекциялық препараттарды қолданбай тиімді емдеу режімдері қолжетімді. Қолданыстағы негізгі құралдардың бірі – БЦЖ вакцинациясы. Халықаралық стандарттар мен мәліметтерге сәйкес, 5-6 жас аралығындағы ревакцинация тоқтатылды. Бүгінде екпе тек бала туғаннан кейін бір мәрте салынады. Былтырғы және ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша жаңа туған нәрестелердің 97%-дан астамы БЦЖ вакцинасын алған. Вакцинаның артықшылығы – аурудың күрделі, кең таралған түрлерін болдырмауға мүмкіндік береді. Егер бала науқастанып қалса, онда ауру жеңілірек өтеді. Дәрігерлер қазір туберкулёзді емдеудің жаңа тәсілдерін барынша қолданады. Соның арқасында емдеу мерзімдерін 24 айдан 9-12 айға дейін қысқартуға болады. Тиімділігі 90%-дан асатын дәрі-дәрмек түрлерін де жиі қолдана бастаған.
– Профилактикалық емдеуге ерекше назар аударамыз. Ол адамда туберкулездің белсенді түрі, клиникалық көріністері болмаған кезде тағайындалады. Бірақ ағзада туберкулёз микробактериялары болады. Аурудың асқынуына жол бермеу үшін профилактикалық курстар жүргізіледі. Заманауи емдеу режімдері бар болғаны 1-3 айда тиімді профилактикадан өтуге мүмкіндік береді. Жыл сайын профилактикалық емдеуден өтіп жатқан ересектердің де, балалардың да саны артып келе жатқанын атап өткім келеді. Ел тұрғындарын балаларын вакциналауға, оларды туберкулёзден қорғауға шақырамыз, – деді М.Әденов сөзін түйіндеп.
Былтыр 13 мыңға жуық адам профилактикалық ем алған. Олардың 56%-ы балалар. Биылғы алты айда 8 633 азамат емделген. Кешенді іс-шаралардың арқасында туберкулёздің барлық түрінің 90%-дан астамы бүгінде толық емделіп жатыр. Нақ қазір ел азаматтарының сауығу деңгейі 86,4% құрайды. Осыған қоса, тағы бір маңызды хабарды – елімізде «Претоманид» атты жаңа препаратты қолдануға қатысты қанатқақты жоба басталыпты. Оны қолданғанда туберкулёздің дәріге төзімді түрлерін емдеу небәрі алты айға ғана созылуы мүмкін. Бұл аз мерзім әрі әлемдік деңгейде танылған терапияның ең тиімді әдістерінің бірі саналады. Демек тағы бір онжылдықта статистиканы қазіргіден де жақсартып, отандық медицинаға оң нәтиже әкелуге толық негіз бар.