What are you looking for?

Қант диабеті: балалардың мүгедектігі сақтала ма?

11.08.2025

Елімізде бес мыңнан астам бала бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққан .

Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерге сәйкес, енді олар кәмелеттік жасқа толған соң мүгедектігінен айырылуы мүмкін. Құзырлы ведомство мұндай балалар қолдаусыз қалмайды деп отыр. Дегенмен, ата-аналар қауымын алаңдататын түйткіл бар. Ол нендей мәселе?

- Мынау мынаған жалғасып, мынау баланың денесіне жабыстырылады. Бұның өзі 60 мыңға жуық тұрады.

Гүлбаршын Құрманованың жасөспірім баласы қант диабетімен ауырады. Жеткіншектің дәрісіз күні жоқ. Әзірге мемлекет есебінен қажеттінің бәрін тегін алып отыр. Жалпы препараттардан бөлек инсулин енгізуге арналған құралдардың бағасы арзан емес. Сондықтан диабеттің әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталғанын ауыр қабылдадық, дейді Гүлбаршын ханым. Әсіресе 18-ге толған соң баласы мүгедектіктен айырылатынын естігенде қатты қапаланды.

Гүлбаршын Құрманова, қала тұрғыны:

- Өзімнің балам 14 жаста. Төрт жылдан кейін бұл мәселе маған да қатысты болады. Өйткені жаңағы колледж оқыса да, ЖОО-да оқыса да 4 жыл уақыт керек. 4 жылға дейін ол не істейді? Бұл заттарды қалай алады?

Осы сауалды денсаулық сақтау вице-министріне жолдадық. Ержан Нұрлыбаев алаңдауға негіз жоғын айтады.

Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Кәмелетке толған соң орта немесе жоғары оқу орнына түсіп, студент атанады. Сол кезде бірден әлеуметтік осал тобына кіреді. Яғни мемлекеттің қолдауына ие болып, керек дәрісін тегін ала береді. Ал оқу бітірген соң жұмысқа тұрады. Сөйтіп, жұмыс беруші немесе өзі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлем жасайды.

Сақтандыру мәртебесі болмаса диабетпен ауыратындар ай сайын МӘМС жүйесіне 4250 теңге төлеп, тиісті дәрісі мен медициналық талдауға қол жеткізе алады. Бірақ диабеті барлар кез келген жұмысқа тұра алмайды. Осы қарама-қайшылық ата-аналардың алаңдауына негіз болып отыр.

Руслан Зәкиев, "Диабеттік ата-аналарының комитеті" қоғамдық қорының директоры:

- Қант диабеті барлар кейде қалаған жұмысына тұра алмайды. Мысалы, құқық қорғау сияқты күштік құрылымдарға, прокуратура, сот, спорт саласында еңбек ете алмайды. Тіпті Балет академиясы да диабеті барларды жұмысқа қабылдамайды. Сөйте тұра, мемлекет енді балаларды мүгедектігінен айырғалы отыр. Меніңше, құзырлы органдар алдымен осы мәселені өзара талқылауы тиіс еді. Жалпы мүгедектік мәселесін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарастырмаушы ма еді?

Сондықтан қант диабетін қайтадан тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізген жөн немесе, мүгедектік мәселесін қайта қарау керек, дейді қоғамдық қор басшысы. Руслан Зәкиев қазір осы мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізді.

Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Диабеті бар бір пациентке орта есеппен 500-600 мың теңге кетеді. Ал егер оның денсаулығы сыр беріп, жағдайы асқынса онда ауруханаға жатқызылып, ем-дом қабылдайды. Бұл кезде шығын еселенетіні белгілі. Сақтандыру есебінен толығып отыратын медициналық сақтандыру қорындағы қаржы жеткілікті. Бұл қаражат диабет сияқты ауруларды емдеуге қажетті заманауи дәрі-дәрмектерді алуға жетеді.

Он жыл бұрын 1200 бала бірінші типтегі қант диабетімен ауырған еді. Бүгінде бұл диагноз 5 мыңнан астам жеткіншекке қойылған. Мамандар науқастар саны азаятынына күмәнмен қарайды. Дегенмен, мәселенің оң шешімі табылады деген үмітте.

Бақыт Топтаева, Гүлнар Тұрсынова, Руслан Әлиев

Social Link

Follow Me On Social Media