Биыл қар мол түсті. Ал қардың көптігі шаруаға қолайлы . Жердің ырысы артады.
Қар демекші, қардың да түр түрі бар. Біз ақ деп ойлағанмен, жер бетінде оның түр-түсі өзгеріп тұратын сыңайлы. «Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай...» дей ме қиссада? Қиыршық қар, мамық қар, жылбысқы қар... «Тізе берсек, тілімізде қарға қатысты атаулардың саны 100-ден асады», – дейді білетіндер.
Онысы рас. Финляндиядағы «саам» халқының тілінде қар, мұз және олардың түрлерін сипаттайтын 180-ге жуық, эскимос тілінде 20-дан астам, шотланд тілінде 421 термин бар екен. Бұл Халықаралық қар және мұз кеңесінің дерегі.
Қар тек жер шарында емес Марс пен Титанда және Сатурнда да бар. Марста қар ұлпалары көмірқышқыл газынан, ал Титанда метаннан пайда болады.
Қардың дәмі қарбызға ұқсайды
Қардың түсі тек аппақ болады деп ойласаңыз – қателесесіз. Негізінен мөлдір түстес. Ал ақ болып көрінетін себебі күнмен шағылысқаннан. Тіпті қызғылт түстері де кездеседі. Оны биік тау бөктерінен, жазық аймақтардан көруге болады. Тіпті оның дәмін татып көргендер бар екен. Қарбыздың дәмі тәрізді дейді. Сондай-ақ қардың түсі бұлтқа сіңген шаң-тозаңға байланысты өзгереді. Көбіне сары, сұр, тіпті қара түске боялып жауады.1969 жылы Швейцарияда қап-қара қар жауған. Ал Калифорнияда жасыл түсті қарды көргендер бар. Сондай-ақ Антарктика мен Кавказ тауларында қызыл және күлгін қар жамылғылары болған.
«Түрлі-түсті қардың түсуі – өндірістік қалдықтардың ауаға сіңуінің, ірі металлургиялық және химиялық өнеркәсіптер қалдықтарының табиғатқа тигізер әсерінің нәтижесі» — Вольфганг Крамер, Потстдам университетінің климат саласы бойынша профессоры.
Қардың дыбысы тек балықтарға естіледі
Қардың түсін түстеп болдық. Енді оның дыбысына келейік. Жаңбырдың тырсылдап тіпті себелеп жауғанын, найзағайдың күркірін, желдің ұйытқаған дауысын естиміз. Ал қар жауғанда айналада мүлгіген тыныштық орнайды. Дегенмен ғалымдар қардың да дыбысы бар екенін анықтаған. Зерттеушілердің дерегі бойынша қар су бетіне түскенде өте жоғары жиілікте дыбыс шығарады. Оны адам естімейді, тек балықтар ғана мұндай дыбысты аңғарады және олар ол дыбысты жақтырмайды екен.
Әр жауған қар түйіршігі әртүрлі пішінде болады
Қардың тағы бір ерекшілігі – оның пішіні. Кішкентай қар түйіршіктері майдалап жауғандай көрінгенімен, олардың формасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Үлкейткіш арнайы құралмен қарасаңыз, қар түйіршіктерінің бірінен бірі өтетін сұлу бейнесін анық аңғаруға болады. Бір қызығы, сонша шақырым жерден жерге құлдилаған қар түйіршіктері кеңістікте бір-біріне жабыспайды, соқтығыспайды да. Ғалымдардың зерттеуі бойынша қар қиыршықтарының жеті түрі бар.
Әлемдегі ең үлкен қар түйіршігі АҚШ-та осыдан 138 жыл бұрын түсіпті. Алып қар ұлпасының ұзындығы 38 сантиметр, ал ені 20 сантиметрге дейін жеткен.
Қоғамда қардан қорқатын адамдар бар
Қар деген нәзік жаратылыс болғанымен, одан қорқатын адамдар бар. Медицинада бұл қорқыныш түрін сипаттайтын термин хионофобия деп аталады. Оның әсерінен адамның көру қабілетіне зақым келуі мүмкін. Өйткені көріністі көзбен көргендіктен, барлық салмақ қос жанарға түседі. Әдетте таулы аймақтағы үлкен қар көшкінін көргенде кей адамдардың бойын үрей билейді. Қорыққаны соншалық, қыстың күні көшеге шығудан қалатындары кездеседі. Психологтардың айтуы бойынша хионофобиясы барларға қардан болатын табиғи апат туралы фильмдер мен жаңалықтар да әсер етеді екен.