What are you looking for?

Биоалуандықты сақтау болашақ үшін маңызды

12.03.2025

Кеше Сенатта палата спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және азаматтық сектордың өкілдері қатысты .

Іс-шара барысында биоалуандық саласындағы қазіргі ахуал, оны сақтауды жетілдіру тетіктері, орнықты болашақ үшін құрлықтың эко­жүйелерін тиімді пайда­ланудың маңызы мен осы ба­ғыт­тағы басқа да өзекті мәсе­лелер талқыланды.

Комиссия отырысында қатысу­шылар қазіргі таңда бүкіл әлемде экожүйелерге қауіп төніп тұрғанына және олар кешенді қорғауды қажет ететініне назар аударды. Орнықты даму индексінің 2024 жылғы көрсеткішіне сәйкес құрлықтың экожүйелерін сақтау еліміздегі ең өзекті алты мәселенің қатарына қосылған. Сондықтан Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен бұл бағытта жүйелі жұмыс қолға алынып, іске асырылып жатыр. Нақты айтқанда, Парламент­тік комиссияның төрағасы атап өткендей, заңнамалық жұмыстармен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және басқа да жүйелі шаралар іске асырылып келеді.

«Өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауған­стан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақ­тық орталығын құру туралы қарарды консенсус негізін­де қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын іске асыру – еліміз үшін үлкен жетістік. Аталған шешім елімізді ұлт­тық және халықаралық дең­гейде орнықты дамуға бел­­сенді ық­пал ететін мемлекет ретінде мо­йындауды біл­діреді. Аймақтық орта­лық құрғақшылықпен, шөлейт­тенумен және ауаның ластануымен күресу бағытын­да су ресурстарын тиімді пай­далануға арналған жоба­лар­ды үйлестіреді. Сондай-ақ жасыл технологияларды енгізуге ықпал етеді», деген М.Әшімбаев отырыстың күн тәртібіндегі басым міндеттерге тоқталып өтті.

Мәселені талқылау кезінде Парламенттік комиссияның мүшелері мен сарапшылар биоалуандықты сақтау және құрлықтың экожүйесін тиімді пайдалану аясында орман ресурстары мен сирек кездесетін жануарлар популяциясын көбейтуге, сондай-ақ жердің тозуы мен браконьерліктің алдын алуға басымдық берудің маңызды екенін айтты. Бұл ретте жел мен су эрозиясы, жүйесіз мал жаю, егін шаруашылығының технологияларын сақтамау, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануды бақылаудың жет­кіліксіздігі сияқты мәсе­лелер сөз болды. Сенат төрағасының айтуын­ша, бұл жұмысқа барлық мүдделі тараптың қатысуы аса маңызды. Өйткені осы бағыттағы үдерістер өзара тығыз байланысты және бір-біріне тікелей әсер етеді.

«Ел аумағында орман ал­қаптарының көлемі тек 5 пайызды құрайды. Ор­мандарды отау, орман өрт­тері, орман ресурстарын қал­пына келтіруге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеу сияқты антропогендік әсерлердің салдарынан бұл жағдай одан әрі күрделене түседі. Сондай-ақ 90 млн гектардан аса жер эрозияға ұшыраған. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті проблеманың бірі. Еліміздің алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – сирек кездесетін жануарлардың популяциясын сақтау және көбейту. Бұл саладағы негізгі мәселе браконьерлік болып қалып отыр. Сирек кездесетін жануарлардың мүйіздері мен терілерінің контрабандалық саудасы олардың санының төмендеуіне әкеліп соғады. Жануарлар әлемінің алуан­ды­ғын сақтау орман, топы­рақ және жайылымдар эко­жү­йе­сінің жағдайымен де тіке­лей байланысты. Жалпы, құр­лықтың экожүйелерін қорғау, биоалуандықты сақтау мемлекеттік және қоғамдық институттардың үнемі назары мен үйлесімді жұмысын талап етеді», деді палата төрағасы.

Талқылау нәтижесінде мем­лекеттік органдардың өкіл­­дері мен сарапшылар ал­­дағы бірлескен жұмысқа қатыс­­ты тың бастамаларға тоқ­­талып, өз ұсыныстарын айт­ты. М.Әшімбаев отырысты қорытындылай келе, кешенді жұмыстың басым бағыттарын айқындап, қатысушылар­ды белгіленген міндеттерді жүзе­ге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Нақты шаралардың қатарында табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру мәселелері де бар екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар ортақ сын-қатерді еңсеру ісінде өңірдегі ел­­дердің ынтымақтастығы ерек­­­ше рөл атқаратыны ай­тыл­­ды. Қазіргі таңда Орта­лық Азия­дағы барлық жер­дің 38 па­йыз­дан астамын құр­ғақ­шылық жай­лаған. Сарап­шылар­дың есеп­теуі бойынша 2050 жылға қа­рай аймақтағы құрғақ­шы­лық­тан келетін залал­дың зарда­бын жоюға жылына ІЖӨ-нің 1,3 па­йызын бөлуге тура келеді.

«Биоалуандықты сақтау тұжырымдамасын сапалы пысықтау қажет. Ықтимал тәуекел­дер мен қауіптердің алдын алу үшін Ұлттық эколо­гиялық мониторинг жүйе­сін жетілдіру де – маңызды бағыт­тың бірі. Топырақтың құнарлылығын сақтау үшін жер ресурстарын тұрақты бас­қаруға көшкен жөн. Осыған байланысты қазір Парламент депутаттары «Топырақты қорғау туралы» заң жобасымен жұмыс істеп жатыр. Жердің жай-күйін бақылаудың тиімді тетіктерін дамыту, жерге жауапкершілікпен қарайтын пайдаланушыларды ынталандыру шараларын әзірлеу, әрі қарай қалпына келтіру үшін топырақ мониторингін күшейту сияқты қадамдар да аса маңызды. Сондай-ақ экожүйелерді сақтау сала­сындағы халықаралық ынты­мақтастықты нығайту керек. Аймақтағы елдермен де ынтымақтастықты күшейту айрықша мәнге ие. Себебі шөлейттену мен жердің тозуы – бүкіл өңірге ортақ проблема», деген Сенат спикері сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдардың өкілдерін осы көтерілген мәселелерді алдағы жұмыс барысында ескеруге шақырды.

Парламенттік комиссия оты­рысында Сенат және Мә­жіліс депутаттарымен қатар Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысан­баев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы Азық-түлік және ауыл шаруа­шы­лы­ғы ұйымы (FAO) бағдар­лама­ларының үйлестірушісі Жаңыл Бозаева, Ө.Оспанов атын­дағы Қазақ топырақ­тану және агрохимия ғылыми зерт­теу институтының бас­қар­ма төрайымы Раушан Рамазанова және басқа сарапшылар баяндама жасап, сөз сөйледі.

Social Link

Follow Me On Social Media