What are you looking for?

Жол қауіпсіздігін қалай реттейміз?

13.03.2025

Елімізде жол-көлік апатының жиілеуі жұртшылықты алаң­датып тұр. Жылына 2 мыңнан аса адам жол үстінде қаза тауып, 10 мыңдаған тұрғын жарақат алады. Бұл проблемаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан : заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғам­дық оптимизм» атты халыққа Жолдауында арнайы тоқталғаны белгілі.

Президент: «Жол-көлік инфра­құ­ры­лымын жақсарту және интеллек­туал­дық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе», деді. Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының салдарынан туындайтын әлеуметтік және экономикалық шығындардың артуы жол қозғалысын қамтамасыз етуде мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселеге айналып отыр. Ол қазіргі қолданыстағы заңнамада жол қозғалысы саласы кеңінен реттелгенін, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы бірінші кезекте екенін, сондай-ақ жол ережелерін бұзғаны үшін қатаң жауапкершілік бекітілгенін айтады. Дегенмен соған қарамастан әзірге оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Оның себебі неде?

«Бас прокуратураның ақпараты­на сәйкес, 2024 жылы жол-көлік оқиғала­ры саны 98,9%-ға өсіп, 31 597 оқиғаны құрады. Жарақат алғандар саны 109%-ға өсіп, 40 873 адамға жетті. Сондай-ақ қаза тапқандар саны 1,4%-ға өсіп, 2 579 фактіні құрады. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен бала саны 133,7%-ға, яғни 4 342-ден 10 149 адамға және қайтыс болғандардың 3,5%-ға, яғни 317-ден 328 адамға дейін өскені ерекше алаңдаушылық туғызады», дейді сенатор.

Мемлекет басшысы тапсырған жол­дағы қауіпсіздікті күшейту бойынша қолға алынуға тиіс қатаң шаралар қа­тарында заңнаманы жетілдіру, жүр­гізу­шілер жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру бар. Сонымен қатар жол инфра­құрылымын жақсарту да – жол-көлік апатының санын азайтуға септігін тигізетін негізгі фактордың бірі.

Көлік вице-министрі Сәтжан Абла­лиевтің айтуынша, былтыр елімізде жол жөндеу жұмысы рекордтық көлемде орындалған.

«Атап айтқанда, 12 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары басталып, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталған. Оған 10 мыңнан аса құрылыс техникасы мен 25 мың адам жұмылдырылған. Биыл 13 мың шақы­рым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 9,5 мың шақырымын жөндеуге қаржы бөлінді. Қалған бөлігінің құжаттары дайын, енді қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Осы жылдың соңына дейін республикалық жолдардың 94, жергілікті жолдардың 91 пайызы тиісті нормативтік жағдайға жеткізіледі», деді вице-министр.

Жолды салу мен жөндеу бар да, кейін оны сапалы деңгейде ұстап тұру бар. Пайдалануға берілген учаскелерді нормативте көзделген сапа деңгейінде ұстап тұру тағы да қаржыға келіп тіре­летіні рас. С.Аблалиевтің айтуынша, бюд­­жетке түсетін жүктемені азайту мен өзін-өзі ақтау мақсатында жөн­деу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр.

ва

«Қазір республика бойынша 3,9 мың шақырым жол – ақылы. Былтыр ол аумақ­тар­дағы түсім 48 млрд теңгені құрады. Биыл тағы 4 мың шақырым ақылы учаске ен­гізіл­мек. Олардан келетін түсім көле­мі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді», дейді вице-министр.

Түскен қаражаттың бір бөлі­гін құ­рылыс жұмыстарына алын­ған қарыз­дардың пайыздық мөлшерлемелерін өтеуге жұмсау қарастырылып жатыр. Сонымен қатар ол жаяу жүргіншілер зардап шегетін жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қалалар мен елді мекендерде 65 айналма жолы және 34 жер­үсті өткелі салынғанын, жануарлар­дың жолға шығуына тосқауыл қою үшін 2 мың шақырым қоршау тұрғызылғанын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол үстіндегі апаттар санын азайтуға интеллектуалдық жүйелерді енгізудің де пайдасы болатынын айтып, арнайы тапсырма бергені белгілі. Көлік вице-министрі осы бағытта атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазір барлық ақылы жол учаскесінде «KazToll» жол жүру ақысын төлеу жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр. 2024 жылы оны Бас прокуратураның ЕРАП жүйесімен интеграциялау аяқта­лып, «Орташа жылдамдық» жобасы іске қосылған.

«Жасанды интеллект технологиялары арқылы жол жағдайын бағалау мер­зімін 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік беретін Smart Road Diagnostic System (SRDS) жүйесі енгізілді. Ол 95%-дан жоғары дәлдікпен диагностика жасап, 100 км жолдың диагностикасын 4 күннен 4 сағатқа дейін қысқартады. Сондай-ақ биыл Автоматтандырылған өлшеу стансалары жүйесінің ЕРАП-пен интеграциясы аяқталады. Бұл ауыр жүк көліктеріне қатысты әкімшілік өнді­рісті оңтайландыруға жағдай жасайды», ­дейді ол.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті­нің төрағасы, полиция полковнигі Қайсар Сұлтанбаев жыл басынан бері жол-көлік апатының саны артқанымен, қаза тапқандар саны азайғанын ай­та­ды. Мысалы, қаңтар мен ақпанның ­25-іне дейін елімізде 3 599 апат тіркеліп, ­онда 207 адам қайтыс болған. Адам шы­ғыны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15%-ға төмен.

Оның айтуынша, ЖКО бойынша ста­тистикалық деректер мен зардап шеккендер санының өсуіне былтыр апаттарды есепке алу тәсілінің өзгеруі әсер етіп отыр. Оған дейін тек өлімге әкеліп соққан, денсаулығына түрлі дәрежеде зиян келтірген апаттар ғана тіркелетін. Қазір медициналық көмекке жүгінген барлық адам апат салдарынан жарақат алғандар ретінде тіркеліп жүр.

«Кейде бұл абсурдтық жағдайларға әкеп соғады. Мысалы, биыл ақпан айында ЖКО-ны есепке алу тәртібін тексеру үшін біз Әкімшілік полиция комитеті қызметкерлерінің тобын Атырау облысына жібердік. Сонда денсаулық сақтау органдарына жүгінген барлық адамның апат салдарынан жарақат ал­ған­дар ретінде дерекқорға енгізілетіні анықталды. Айталық, 2 қаңтарда Атырау қаласында жол-көлік апаты орын алып, кәмелетке толмаған 3 адам зардап шек­кені көрсетілген. Алайда тексере келе кәмелетке толмағандардың біреуі ғана дене жарақатын алғаны, қалған екеуі профилактика ретінде жай дәрігерге қаралғаны белгілі болды», дейді ӘПК төрағасы.

Оның айтуынша, осындай жағдай­лар статистика мәліметтерінің бұрма­лануына, яғни жарақат алғандар саны­ның тым көп болуына әкеп соғып отыр. Полиция полковнигі Қ.Сұлтанбаев Ішкі істер министрлігі Парламент де­путаттарынан жол-көлік апаттарын­да «қаза тапқан» мен «жарақат алған» деген анықтаманы заңнамалық дең­гей­де реттеу­ге бастамашылық жасауды ұсы­наты­нын жеткізді. Өйткені бұл жағдай жол қауіп­сіздігінің негізгі индикаторлары бойынша еліміздің халықаралық рей­тингіне де теріс әсер етеді.

ӘПК төрағасы еліміздегі жол-көлік апаттарына себеп болып отырған негізгі факторларды атады. Соның бірі – жол инфрақұрылымы. Оның айтуынша, еліміздегі 95 мың шақырым жолдың 3 мыңы ғана қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Ол сөз арасында ауа райы нашарлап, жолдың көрінуі төмендеген жағдайда қала сыртындағы тасжолдарда рұқсат етілетін жылдамдық көрсеткішін сағатына 60 шақырымға дейін шектеу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Елді мекендер ішіндегі инфрақұры­лымды жақсарту мәселесі өте өзекті. Өйткені қазір жол апаттарының 81%-ы сол жерде орын алады. Адам шығыны тіркелетін апаттардың үштен бірі – жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары.

«Қарапайым жағдайлардың жасал­мауына байланысты азаматтар жабдық­талмаған жерлермен жолды кесіп өтуге немесе тротуарлар мен жарықтандыру жоқ жерде жолдың шетімен жүруге мәжбүр. Бұл қайғылы оқиғаларға және жаяу жүргіншілердің өлімі мен жара­қатына әкеліп соғады. Елімізде 600-ге жуық реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі мен 60 мың км тротуар салу қажет. Бұған қоса 10 мың шақырымнан аса қоршау тұрғызып, ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын көшелерді жарықтандыру күн тәртібінде тұр. Өткен жылдың соңында осы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны үшін Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», деді ол.

Полиция полковнигі жол-көлік оқи­ға­ларының 90 пайызы жүргізушілер кінәсінен орын алатынын айтады. Осыған орай қала көшелерінде тәртіпті күшейту қажет. Қазіргі таңда ереже бұзуды автоматты түрде тіркейтін 25 мың камера жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен ереже бұзудың 78%-ы анықталады.

«Бұған қоса патрульдік көліктерді радары бар камералармен жабдықта­дық. «Жасырын» патрульдеуді енгіздік. Оның аясында қызметтік және қоғамдық көліктерге, жедел жәрдем көліктеріне камералар орнатып жатырмыз. Соны­мен қатар апаттық учаскелерде дрон көмегімен әуеден патрульдеу жүр­гіземіз», дейді ол.

Кейінгі жылдары еліміздің жолда­рында жаңа жол қатысушылары – мопед­тердің пайда болғаны белгілі. Мемлекет басшысы оларға қойылатын талапты қатаңдату туралы заңға қол қойды. ІІМ өкілінің айтуынша, 2025 жылдың қаңтарынан мопедтерді тіркеу басталып, қазірдің өзінде 2,5 мыңнан аса техника тіркеліп үлгерген.

«Биыл 4 сәуірден бастап мопедтерді басқару үшін А1 санатындағы (А немесе В санатындағы) жүргізуші куәлігі талап етіледі. Жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырғаны үшін 40 АЕК (157 мың теңге) мөлшерінде айыппұл төлеу түрінде жауапкершілік енгізілді. Осы күнге дейін 1 680 мопед жүргізушісіне айыппұл салынды», деді ол.

Мамандардың пікірінше, еліміздің жолдарындағы апаттардың көбеюіне кө­лік санының жедел артуы да себеп. ІІМ келтірген дерекке сүйенсек, кейінгі 5 жыл ішінде автокөлік саны 34%-ға артып, 5,5 млн-ға жеткен. Яғни еліміз­дегі әрбір төртінші адамда көлік бар де­ген сөз. Былтыр ғана елдегі көлік саны 300 мыңға өскен. Бұған қоса бір жыл ішін­де еліміз арқылы 3,5 млн көлік тран­зитпен өткен. Мұның бәрі жол­дар­дың өткізу мүмкіндігіне жүк түсіріп отыр­ғаны белгілі. Көлік санының өсуін еш­кім тежей алмайды. Сол себепті апат санын азайтудың негізгі жолы – жол инфрақұрылымын жақсартып, жүргізушілердің құқықтық сауатын арттыру.

Social Link

Follow Me On Social Media