What are you looking for?

Жезқазғанда киіктер еркін жайылып жүр

06.03.2025

Ақбөкендер адамға бой үйрете бастады. Кенді шаһар Жезқазғанда көліктен, иттен де үрікпей еркін жайылып жүр.

Оның үстіне жалғыз жарым емес, табынымен келген. Бұрын адам қарасы көрінсе үрке қашатын жануарларды жергілікті жұрт күніге көретін болған.

Тұрғындар енді «киелі жануарлар қала ішінде қаптаған иесіз итке жем болмаса екен» деп алаңдайды. Осы себепті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы киіктерді алыс өріске айдауға қам жасап жатыр. Жалпы киіктер арқаның 6 ай қысында Бетпақдала, одан әрі Қарақұмға кететін. «Биыл қыс жайлы болғандықтан біраз бөлігі Ұлытау мен Жаңаарқаға қыстап қалды», — дейді мамандар. Қазір Жезқазғанның айналасында екі мың бастай киік жүр.

Меруерт Жамбекова, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына және облыс аумағындағы аңшылық шаруашылық субьектілеріне биотехникалық шараларды және қорғау іс-шараларын көбейту бойынша бірнеше қайтара хат жазылған болатын. Қазіргі кезде әкімдіктен жол ашатын техника бөлініп, киіктерге қаладан шығып кетуге үлкен мүмкіндік жасауда және жем-шөп шашу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.