0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Еліміздің 8 облысы су тасқыны қаупі жоғары аймаққа жатқызылды. «Қазгидромет» биыл алғаш рет қауіпті жердегі елді мекендерді анықтап, егжей-тегжейлі ақпарат берді. Ел бойынша жағдай су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысында айтылды. Үкімет басшысы қауіпті өңірлердегі дайындық жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.
Экология министрінің мәліметі бойынша ел аумағының 67 пайызын қар басып жатыр. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастаған. Ал, еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында жер тоңы қалың. Қостанай облысында 150 см-ге дейін және одан да көп, Ақмола облысында – 139 см-ге дейін, Павлодар облысында – 159 см-ге дейін, Қарағанды облысында –132 см-ге дейін тоң бар.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Жалпы наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылы және жауын шашын көп түсумен болжанады. Бұл көктемнің ерте келуіне әсер етеді және нәтижесінде су тасқыны қаупін арттырады.
Қазгидрометтің талдау нәтижелеріне сәйкес тасқын қаупі жоғары аймаққа Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстары, ал, қауіп деңгейі орташа аймаққа – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары енген.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Әкімдіктер елді мекендерді су шайып кетпеуі үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауы тиіс. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Суға кетуге бейім келдерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс.
Облыс әкімдері қарғын суға қарсы тұруға дайынбыз деп есеп берді.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
Су тасқынына қарсы шараларға 7,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Өткен жылы 2,4 млрд теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар резервте 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
Өңірдегі үш ірі су қоймалары 25 тен 40 пайызға дейін. Қазгирометтің деректеріне сәйкес Ақтөбе су қоймасына 299 млн куб, Қарғалы су қоймасына 142 млн дейін су келеді деп күтілеуде. Бұл аталған суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік бар қазіргі таңда.
Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі:
32 мың адамды қабылдай алатын 317 уақытша орналастыру пункті дайын. Және малды қауіпсіз аймаққа айдап апаруға арналған 195 орын анықталды.
Төтенше жағдайлар министрлігі де тасқынға тас-түйін дайынбыз деп отыр. Апат бола қалған жағдайда 31 мыңнан астам адам, 13 мың техника, 4 мың су айдау құрылғысы және 640 жүзу құралы жұмылдырылмақ.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше Жағдайлар Министрі:
Сондай-ақ министрлікте резерв жасақталды. Оның ішінде әуе кемелері де бар. Қажет болған жағдайда ұлттық ұланның, қорғаныс министрлігінің және ұлттық қауіпсіздік комитетінің әуе көлігі сонымен қатар Қазақстан темір жолының теміржол көлігі тартылатын болады. Жағдай ушыққан кезде өңірлерге күштер мен құралдарды жедел жолдаймыз.
Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздегі су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу міндеті қойылды. Жағдай күрделене түссе, қосымша күштер мен құралдарды тарту қадап тапсырылды.
Оңғар Алпысбайұлы