What are you looking for?

Оралда биылғы Көрісу күні мазмұнды шаралармен айшықталды

14.03.2025

Биылғы Көрісу күні Орал қаласында да мазмұнды шаралармен айшықталды, деп хабарлайды 24kz.

Қоғамдық көліктерде, мәдениет ошақтарында, білім беру ұйымдарында мейрамның мәні кеңінен насихатталды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Бабадан жеткен байырғы дәстүр бойынша бұл күні батыста жасы кішілер жасы үлкен көрші-қолаңға, тума-туысқа, елдің естілеріне ертемен барып қос қолдап көріседі, хал-жағдайын сұрасады. Қытымыр қыстан құтылып, шуақты көктемге аяқ басқан ағайынның аузы аққа тиіп, арқа-жарқа болысады. Көпшіліктің көңілі жадырап, арадағы өкпе-наз кешіріледі. Бүгін де Жайықтың бойын жайлаған жұртшылық жылдағы дағдыдан жаңылмай, үлкендерге барып амандасуда. Мекеме-ұйымдарда да мерекенің маңызын ашатын түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен облыстық тарихи өлкетану мұражайының ауласына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ән-күйден шашу шашылды. Жас жеткіншектер аға буынға көрісіп, ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Тарихи-тағылымды әңгімелерден ғибрат алды.

Гүлжан Қапаева, қала тұрғыны:

- 75-ке толып, 76-ға кеттім. Бала кезімдегіні айтайын. Ол кезде айттайды. Айттайды деп айтады бізде. Мына «Наурыз келе жатыр» дегенде кәдімгі бір көше бойы дөңгелек үстел әзірлеп, тамақ, шелпек, бауырсақтарын әзірлеп, бүкіл көше бойына қыдыратынбыз әжелерімізге еріп. Үкілі тақия, зерілген тақия, сосын шашымызға күміс шашбауларды тағып, сылдырлатып. Қазір де солай ғой, балаларымыз көріседі, көрші-қолаң көріседі. Ертеңнен бастап бір жұма, 22-іне дейін көрісе береді.

Жалпы Көрісу мейрамының көне дәуірден келе жатқан тойлану үрдісіне қарасаңыз, ізгілік пен мейірімге толы. Үлкендерге сәлем беру, көптен көріспеген ағайындардың амандығын білу, ақ тілек арнаудың өзі халықты береке-бірлікке, ынтымаққа шақырады. Сондықтан осы мерекенің қоғамдағы орнын айшықтап, ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүр, әдет- ғұрыпты жаңғыртудың маңызы ерекше.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап

Social Link

Follow Me On Social Media