Дариға Назарбаева "Астана Опера" театрының қамқоршылық кеңесінің құрамынан шығарылды, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мұндай ақпарат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
Ақпаратта Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2013 жылғы 22 мамырдағы №512 "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы үкімет қаулысына өзгерістер енгізіп жатқаны айтылған.
Нақты айтар болсақ, театрдың Қамқоршылық кеңесі құрамы өзгермек. Атап айтқанда, кеңестен бірқатар тұлғаларды шығару ұсынылып отыр. Олардың ішінде Мәжілістің бұрынғы депутаты Дариға Назарбаева, кәсіпкерлер Тимур Құлыбаев, Кеңес Рақышев және Нұрлан Смағұлов, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ ERG акционерлері Александр Машкевич пен Патох Шодиев бар.
Сол секілді бұрынғы құрамдағы Васкес Лучано да қамқоршылар кеңесінен кетіп жатыр.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қамқоршылық кеңестің құрамы мынадай болмақ:
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі
Астана қаласының әкімі
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының директоры (келісу бойынша):
- Аблазимов Бахаридин
- Баталов Райымбек
- Жақыпов Нұрлан
- Ибрагимов Шухрат
- Хойтинк Сегер
"Бұл өзгеріс Қамқоршылық кеңес құрамын қазіргі кадрлық құрылымға сәйкестендіру қажеттілігімен байланысты", – делінген қаулы жобасының негіздемесінде.
Құжат 3 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады.