What are you looking for?

Үлкен экрандағы маңызды мәселе

14.03.2025

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

«Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа». Бүгін президент Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелердің бірі – кино тақырыбында өрбіді. Себебі, қазір коммерциялық бағытта шығып жатқан киноларда былапыт сөз, шұбарланған тіл басым, тәрбие және ең бастысы – ұлттық рух жоқтың қасы. Тақырыпқа арқау бар, тарқауын тілші айтсын.

Киноның да туған елі, ұлты болады. Қазақтың, кәрістің, түріктің киносы дегендей. Әр елдің киносынан сол ұлттың астыртын саясатын, ым-ишарасын, мәдениет һәм месседжерін көреміз, тамшылатып болса да санаға сіңіреміз. Біздегі киноиндустрияның иірімі икемге келмей барады. Әсіресе, коммерциялық комедия жанрында күлдіру емес, бүлдіру басым. Мұны бүгін Президент те аңғартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.

Рас, Кеңестік кезеңнің өзінде түсірілген "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі", "Бандыны қуған Хамит" секілді фильмдер белгілі бір деңгейде сол замандағы идеологияға қызмет етсе де ұлтты, тілді төмендеткен емес. Қазір нарықтың ноқтасын киген индустрияда табыстың табы ғана бар.

Есболат Нұрахмет жазушы, сценарист:

Совет кезіндегі кинолар Советтік идеологияға жұмыс істеді. Бірақ, сөйте тұра ол жерде кейіпкер мығым болды. Сіз мысалы атаманның ақырын қарап көріңіз, Қасымханның айтатын сөздері қандай кесек. Бұл жерде қалай дегенде де советтік идеология болғанымен, ол жерде ұлтты төмендетпейді. Бізде қазіргі киноларда қалыптасып қалған стеоротиптер бар. Біреуі қазақ надан, қазақ жалқау, қазақ жігерсіз, қайратсыз деген дүниелер.

Мемлекет есебінен жарыққа шығып жатқан туындыларда ғана ұлттық болмыс пен бояу қанық. Бірақ, олар үлкен экрандағы бәсекеде бәсең. Жарнамасы жер жарып, миллиондаған, миллиардтаған табыс жинап жатқан киноның дені — комедия. Сәні артса да, мәні кем. Тіпті, қазақ аудиториясының мүддесіне сай келе бермейді. Сондықтан, тырқылдаған теріс тенденцияға тыйым керек.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Өткенде президентіміз айтты ғой, өз елімізді мазаққа айналдыру немесе тілді шұбарлап сөйлеу немесе әртүрлі лас сөздер айту, бұлардың барлығы этикаға жат, сондықтан біз тек рейтинг қуаламай, фильмнің көркемдік жағына, ұлттық сипатына мән беруіміз керек қой деп ойлаймын.

Жоғарыда айтқанымыздай, киноиндустрия – өнер ғана емес, бұл –бизнес. Сондықтан, әуелгі мақсат – табыс табу. Белгілі режиссёр Әнуар Матжанов бүгінгі кинолардың саны артып жатыр, бірте-бірте сапа да реттеледі дейді.

Әнуар Матжанов, режиссёр:

Комедия енді жанры сол ғой, халықты күлдірту. Мен енді оны алалау деп ойламаймын, себебі, бұл өмір емес, кино. Абылай кинода осылай болды , неге олай істеп жатырсыңдар деп менің өзіме де көп жазады, көп көрермендер. Бірақ, менің ойым біздің мақсат — киноның айтарын халыққа жеткізу, көрерменге.

Президент зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдерді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн екенін айтты. Сонда ғана туындының тәрбиелік мәні болмақ. Ең бастысы кез келген кинода қазақ мазақ болмай, ұлттық рух биік болса игі. Сын сойылына көп түсіп жатқан жанр –комедия болғандықтан, сатирик Сейіт Кенжахметовтың сөлді сөзі еске түседі. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім».

Азамат Бейбітұлы

Social Link

Follow Me On Social Media