What are you looking for?

Құрылтай мүшелері діни ахуалға алаңдаулы

14.03.2025

Салық реформасы, біріңғай уақыт белдеуі және елдегі діни ахуал.

Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Президент халық көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, талас-тартысы көп тақырыптардың нүктесін қойды. Оған қоса Қазақстан оқ бойы оза шабатын негізгі төрт саланы атады. Осы бағыттарда әлемде көшбасшы болуымызға мүмкіндік мол.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бурабай — тұмса табиғатымен ғана емес, терең тарихымен танымал өлке. Оқжетпестің шыңы, Бурабайдың бойы ғасырлар қойнауындағы көп оқиғаға куә болды. Абылай ханның ордасы тігілгеннен мұнда қаймана қазақтың тұтас тағдыры шешілген. Арада жүздеген жыл өтті. Тәуелсіз Қазақстанның игі жақсылары шежірелі мекендегі шаңырақ астына қайта жиналды. Киелі Көкше тағы да ұлт тарихы жазылатын маңызды алаңға айналды.

Кейінгі кездері қазақ қоғамы тараптар арасындағы тартысқа толы. Дін мен діл, салық пен халық арасына жиі жік түседі. Салдарынан экономика да, идеология да зардап шегіп жатыр. Ал құрылтай осындай көкейтесті түйткілдердің нүктесі қойылатын алаң. Сол үшін Президент Құрылтайдағы сөзін даулы мәселелерден бастады.

Президент салық реформасына қатысты пікір білдірді

Алдымен салық реформасына тоқталды. Ел қазынасына түскен әр тиын әлеуметтік бағытқа бөлінетінін еске салды. Демек, салық та халықтың мүддесіне жұмсалатынын ескеру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған.

Бұл олқылыққа депутаттар да, Үкімет те мән бермеген. Президент әдемі көрсеткішке әуестеніп кеткенімізді айтты. Елде екі млннан астам салық төлеуші кәсіпкер тіркелген. Бірақ бұл құрғақ статистика. Шын мәнінде олардың саны бірнеше есе аз болуы мүмкін. Себебі, салаға еш талдау жасалмаған. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке заңнамаға жедел түзету енгізу керегін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе бұдан да зор қиындыққа тап боламыз.

Қосымша құн салығына қатысты Үкімет ұсынысын Ұлттық құрылтай мүшелері қолдап отыр. Олардың айтуынша, бюджет кірістерін ұлғайту қажет. Әйтпесе, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін орындауға әлі жетпей қалады.

Жақсыбек Құлекеев, қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі:

- Мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешуге жеткіліксіз бола бастады. Соның салдарынан мемлекет сыртқы және ішкі қарыздарын өсіруде. Қарызға өмір сүрулің қауыпты екенін түсіндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жалпы мен Үкіметтің жоспарын қолдаймын.

Қ. Тоқаев: Уақыт белдеуіне қатысты пікірталасты доғару қажет

Мемлекет басшысы біріңғай уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді. Бұл мәселе бойынша арнайы зерттеу жүргізіліп, қоғам белсенділерінің күмән-күдігі расталмады. Демек, бұл зияны жоқ, ал пайдасы көп шешім болды дейді биліктегілер. Сол үшін Президент толассыз пікірталасты доғару керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ.

Құрылтай мүшелері діни ахуалға алаңдаулы

Дінде де дүмшелер көбейіп барады. Құрылтай мүшелері осылай деп, ахуалға алаңдаушылық білдірді. Президент те бұл пікірмен келіседі. Ол «қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ» деді. Тиісінше, дін қызметін реттейтін құжаттардың осы талапқа сай болуы керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда ұлттық болмысымызға бейімделу маңызына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.

Фильмдердің мазмұны тексеріледі

Қоғам ішінде идеология ақсап тұр деген пікір жиі айталады. Бағыт- бағдар болмаған соң, халық адасып жүр. Түрлі алаяқтарға алданып, жалған психологтар мен коучтардың тұзағына түсу жиілеген. Президент бұған да назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе, қайырымдылықты ту етіп, халық қаржысын қалтасына басатындардың жымысқы әрекетіне тұсау салу керектігін айтты. Жауапты органдарға түйіткілді шешуді тапсырды.

Айгүл Орынбек, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Елімізде күдік тудыратын күмәнді қорлар арандатушылар мен радикалды топтарды қаржыландыруы мүмкін деген оймен мемлекетіміздің болашағына, қауіпсіздігіне алаңдаймын. Бұл шұғыл шешуді қажет ететін ең басты мәселе. Сондықтан осы қор жұмыстарының жауапкершілігін күшейту мақсатында заңға тиісті өзгерістер енгізу туралы тапсырма беруіңізді сұраймын.

Мәдениетте мәселе көп

Қазір әлеуметтік желі әжуаға толы, фильмдер де одан алыстамады. Арзан күлкі мен бос әңгіме көп. Кейінгі кездері зорлық-зомбылықты да жиі кездестіруге болады. Осыны ескерген Президент фильмдерді кинотеатрға шықпас бұрын електен өткізуді тапсырды. Мәдениет тақырыбы көтерілгенде театрдағы түйткілдерді де айта кету керек. Қазір елді 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігі тозған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын.

Құрылтай мүшелері осы саланың серпілісіне ерекше ден қойды. Мәдени бағыттарды ықпалдастыру маңызды дейді – академик Дихан Қамзабек.

Дихан Қамзабек, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Жыл сайын 200-ге жуық жоба іске қосылады

- Президент тәрбие мен тағылымды түгендеп болған соң ірі жобаларды жіпке тізді. Кейінгі жылдары индустриялық жобалардың құрылысы қарқынды жүруде.

Алдағы 4 жыл ішінде елде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылады. Мемлекет басшысы игі-жақсылардың алдында тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті. Жуырда Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.

Қазынаны қаржығы толтыратын саланың бірі – туризм болу керек. Президент мұны әр жиында айтып жүр. Бұл жолы да курорттық аймақты дамытудың маңызына тоқталды. Жиын өтіп жатқан Бурабай даласына 140 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс. Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек.

Президент сөзінде адвокат Айман Омаровадан хат алғанын айтты. Жазбада әйелдер колониясындағы ахуал баяндалған. Президент бұл мәселенің өзекті екеніне тоқталып, Құқық қорғау органдары мен депутаттарға міндет жүктеді. Жауаптылап, осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі тиіс.

Айман Омарова, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Президент Қазақстан оза шабатын 4 саланы атады

Шындыққа тура қарау қажет. Барлық салада оза шауып, оқ бойы озық бола алмаймыз. Бірақ біздің де басым түсетін бағыттарымыз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі төрт саланы атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады.

Энергетика демекші, жақында Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалану керек деді. Орайы келгенде елде қанша АЭС салынатынын да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін.

Бурабай бойындағы басқосуда Президент ұлттық құндылықтардың ұлықталуына баса назар аударды. Қазақы болмыстан бастап, ұлттық киім үлгісі мен мерекелердің дәріптелуіне көңіл бөлді. Оған қоса тарихымыз да ұлықталып, ескі есті естеліктердің жаңғыруына зер салды. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Қазақ елінің байырғы астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.

Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев

Social Link

Follow Me On Social Media