Ақтөбеде «Шаңырақ күні» дүниеге келген нәрестелерге бесік тарту етілді, деп хабарлайды 24KZ. Жалпыұлттық Наурызнама күнтізбесіне сай бүгінгі күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналады. Осыған орай өңірде «Бесік тарту» салтанаты өтті.
Дүние есігін ашқан 10 сәбиге бесік тарту етілді. Жөргек-жаялығына дейін салт-дәстүрге сай жасалған. Нәрестенің ағаш төсегі баланың тыныш ұйықтауына, тазалығы мен тұла бойы жылы жатуына септеседі. Бесік үлестірген жандар жас аналарға ұлттық дәстүрді дәріптеп, ата-бабадан қалған мұраны насихаттауға шақырды.
Маржан Қорғанбаева, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы:
- Ата заманнан келе жатқан әрбір баланың өзінің бесігі болуы керек. Ағаштан жасалған, қазақтың ою-өрнегімен көркемделген ағаш бесік. Ол ең табиғи өнім ретінде, баланың денсаулығына өте пайдалы зат ретінде ағаш бесік дұрыс деп есептейміз.