Елімізде соңғы екі жылда қолданылған пластик және алюминий бөтелкелерді қабылдайтын 150-ге жуық фандомат орнатылған.
Қоршаған орта тазалығына бағытталған құрылғы әзірге Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында іске қосылған. Азаматтар автоматқа бос шөлмектерді салу арқылы бөтелкеге жұмсаған ақшасын кері қайтара алады. Бұл 2029 жылға дейінгі халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша жүзеге асқан іс-шаралар легінің бір парасы. Фандоматтар негізінен отандық ірі кәсіп иелерінің демеушілігімен қойылған. Сондықтан құрылғы көмегімен жиналған пластик және алюминий бөтелкелерді қайта өңдеушіге тапсырғаны үшін оларға «Жасыл даму» операторы тарапынан арнайы субсидия да көзделген. Дей тұрғанмен, мамандардың айтуынша, экологиялық мәселеге бей-жай қарамайтын кәсіпкерлерді бұған көптеп тарту мақсатында кодекске өзгеріс енгізу қажет.
Абылай Алмұханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:
- Фандоматтарды орнатудың өзіндік құны бар. Бизнес өкілдерінің айтуынша, ол біраз қаражатты талап етеді. 2021 жылы негізгі экологиялық кодекске фандоматтарға сәйкес тиісті түзетулер қабылданған жоқ. Өйткені ол кезде фондаматтардың біреуі де болған жоқ. Қазіргі таңда олардың саны жайлап артып келе жатқаннан кейін енді уақыт талабына сай экологиялық кодекске өзгеріс қажет шығар. Өйткені Еуропада, дамыған мемлекеттерде фандоматтардың жұмысын ынталандыратын депозиттік қайтарымдық жүйе деген бар. Ол заңнамалық тұрғыда бізде Қазақстанда әлі жоқ.