Көкшеге көктем келіп, жер-ана бусанып, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болып жатыр. Жыл сайын қайталанатын көктемгі тасқын судан зәрезап болған елді мекендердің тұрғындары биыл да қобалжып отыр. Дегенмен әзірлік туралы әңгіме қуатты тәрізді.
Тасқын судың тақсыретін көп көрген ауданның бірі – Сандықтау. Аудан орталығы Балкашино, Петровка, Каменка, Спасское, Максимовка, Красная Поляна, Владимировка, Новый городок, Новоселовка тәрізді елді мекендер қарғын су басып қалуы мүмкін елді мекендердің қатарына жатады. Қазір жұмыс ширатыла түскен.
– Күні бүгінге дейін елді мекендерден 42 870 текше метр қар шығарылды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Омаров. – Жанар-жағармай қоры жеткілікті. 2 100 тонна инерттік материалдар әзірленді.
Қапысыз қамдану мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментіне аудан аумағындағы су айдындарындағы мұз құрсауларын қопсыту, ұсақтау жөніндегі қажетті шараларды ұйымдастыруға өтінім берілген. Өтінім мақұлданғаннан кейін 8 100 текше метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілмек.
Балкашино елді мекені жыл сайын көктемде тасып, жұртты әбігерге салып жататын Жабай өзеніне жақын орналасқан. Қазір мұнда өзен арнасын кеңейту, жатаған жағалауын биіктету, бекіту тәрізді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың қазан айында «Целингидротех» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жұмысты қолға алған екен. Жоба 2026 жылғы мамырда толық аяқталмақ.
– Бүгінге дейін жұмыстың 72 пайызы орындалды. Қазір қырыққа жуық жұмысшы мен 19 техника екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Өзеннің 5,2 шақырым арнасын кеңейтіп, тереңдету, тазалау жоспарланған.
Жабай өзенінің Сандықтау ауылына таяу арнасының 100 метр жағалауын, Петровка ауылының тұсынан өтетін 300 метрге жуық жағалауын нығыздау жұмыстары жүргізілген. Бұл шаралар су тасқыны кезінде қауіпті сейілтуге бағытталған. Аудандағы Сарқырама өзені де әр жыл сайын еріген қар суына мелтектей тойып, мінез көрсетеді. Әсіресе Каменка ауылы маңындағы жағалаулар қауіпті. Өткен жылдары өзеннің осы тұсы арнасынан асып шығып, елді мекенді басып қалған болатын. Сол тасқынның кесірінен 1009 тұрғыны бар Каменка ауылындағы бірнеше үй апатты деп танылған. Су тасқыны кезінде 59 адам эвакуацияланып, ауылдағы көпір мен автожолды су шайып, жарамсыз болып қалған еді. Биыл да өзен арнасы біршама тарылғандықтан, қызыл судан қауіптенудің әбден реті бар. Қазіргі уақытта Балкашино, Красная Поляна, Арбузинко ауылдарын қызыл судың қырынан сақтау шаралары қолға алынған. Ауданда осы жұмысқа 115 адам жұмылдырылып, 51 арнайы техника тартылған.
Ақкөл ауданы да алаңдаулы. Аудан әкімінің орынбасары Саят Кенжетай су тасқынына дайындық шаралары пысықталып, мұқият жүргізіліп жатқандығын айтады. Бұл мақсатқа аудан бюджетінен 150 миллион теңге қарастырылған.
– Елді мекендерден 37,560 текше метр қар шығарылды. Қауіпті жағдай туындай қалса, қарғын судың алдын бөгеуге қажетті екі мың дана қап дайындап қойдық, 6,5 тонна жанар-жағармай сатылып алынды. 12 128 адамға шақталған 17 эвакуациялық пункт әзірледік. Инертті материалдармен қамтамасыз етуге аудандағы ұйымдармен келісімшарт жасалды. Алты мотопомпа, екі дрон, байланыс құралдары алынды, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Аудандағы Жалғызқарағай, Урюпинка, Краснобор ауылдарының маңында қызыл судың алдын бөгейтін үйінділер жасалған.
– Еңбек ауылының маңындағы Жарлыкөл көлінің жағалауына бөгет орнатылды. Бөгетті инертті материалдармен толтырып нығайтуға аудандық бюджеттен 7 миллион теңге қаражат бөлінді, – дейді Саят Кенжетай. – Ауданда 112 су өткізу құрылғылары бар. Оның 23-і республикалық маңызы бар автожолдардың бойында, қалғаны облыстық, аудандық маңыздағы жолдарда, екеуі теміржол бойында.
Ақкөл қаласының ішіндегі су өткізгіш құбырларды қар мен қоқыстан тазартуға қала әкімдігі «Камила» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 10 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Аудан ішіндегі жол бойындағы құбырларды тазалау – «Голден тренд» серіктестігінің міндеті. Бұл іске жергілікті шаруа қожалықтары да қол ұшын бермек. Мұндағы нысандардың қатарына Краснобор суқоймасы, Бегичевское, Ақсуат, Тасмола бөгеттері, Каменка, Ерназар, Голубая Нива, Көктеке тоғандары тәрізді 8 гидротехникалық құрылыс бар. Осы бөгеттер мен тоғандардың жанында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылмақ.
2024 жылғы қазанда Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайлар қызметі аудан әкімдерімен бірлесе отырып, гидротехникалық құрылыстардың сапасын тексерген болатын, жағдайы қанағаттанарлық. Су көлемі шекті нормадан аспайтыны туралы акт жасалған. Қызылсу жүре бастаған кезден бастап күн сайын су деңгейіне бақылау жүргізілмек. Әзірлік бар болғанымен, тасқын судың тегеуріні күннің қалай жылынатынына байланысты. Краснобор суқоймасындағы жиналған судың деңгейі мөлшерден тыс көтеріліп, Талқара өзеніне құйылатын болса, жағалауға жақын орналасқан елді мекендерге кәдімгідей қауіп төнбек. 2024 жылғы көктемде Краснобор суқоймасындағы су деңгейі 145 сантиметрге дейін көтерілді. Өткен жылдың жазында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Қыста Талқара өзеніндегі мұз кептелістерін ыдырату қолға алынды. Бұл мақсатқа 264 кило жарылғыш заттар пайдаланылған. Осы арада өткеннің өкінішті сабағы туралы еске сала кеткеннің де артықтығы болмас. Былтырғы су тасқыны кезінде Урюпинка селолық округі аумағындағы жергілікті маңыздағы «Урюпинка-Мереке» тас жолының алты шақырымын қызылсу басып қалған еді. Амангелді ауылының кіреберісіндегі автожолды да су шайып кетті. Қараөзек ауылына қатынайтын жолды да су басты. Әбден күшіне енген кезде еріген судың ені 10 метр, тереңдігі 1 метрге жетті. 41 үйді су басып, бейнетке батырды.
Аудандағы ахуал осылай қалыптасса, өткен жылы қызылсудың тақсыретін тартқан облыс орталығы да қауырт қамданыс үстінде. Тұрғын үйлерді қызылсудан қорғауға 190 тонна құм жеткізіліп, 10 мың қап сатып алынған. Қауіпті сейілту бағытында бар жұмыс тынымсыз атқарылып жатыр. Су жолдары тазартылуда. «Көкше тазалық» серіктестігі 450 текше метр инертті материал дайындаған. Бірлік шағын ауданындағы бөгетті нығайтуға 309 текше метр инертті материал жеткізілді.
– Өткен жылдың күзінде Вавилов көшесінен Қылшақты өзеніне дейінгі, Химкомбинаттан Остапенко көшесіне дейінгі негізгі арнаның бойы қоқыстан тазартылды. Қылшақты өзенінің кей тұсы кеңейтілді, – дейді Көкшетау қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Берік Әшірбеков.
Қала көшелерінен барлығы 2 541 текше метр қар шығарылған. Өңірде көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралар ұйымшылдықпен атқарылып жатыр.
Ақмола облысы