What are you looking for?

Денистің кезекті жүлдесі

18.03.2025

Қытайдың Бейжің қаласында шорт-тректен әлем чемпионаты өтті. Төрткүл дүниенің таңдау­лы саңлақтары бағын сынаған маусым жабар қорытынды аламанда Денис Никиша күміс жүлдегер атанды.

500 метр қашықтыққа айдын үстінде жүйткі­ген жүйріктер арасында Денистің тарихи медаль олжалап, әнұранымызды шырқатуына мүмкіндік те болды. Сөреден аттанғанда топты бастаған канадалық спортшы Стивен Дюбуаны өкшелеп отырды. Тіпті бір-екі рет бұрылыста алдын орап, көш басына да шығып мықтылығын көрсетті. Бірақ мәреге жа­қындағанда саңлақ Стивен қарқынға қарқын қосып, әлем чемпионы атанды. Қола медаль нидерландтық Йенс Ван Тваутқа бұйырды.

– Әлем чемпионатының күміс жүлдесі аз табыс емес. Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаспын. Бұл – біздің коман­да­ның ортақ жеңісі. Биылғы маусымда қаншама кедергіні ең­сердік, өте ауыр маусым болды. Былтырғы жаз мез­гі­лінен басталған тынымсыз жат­тығуда төгілген тердің өтеуіне бұйырған күміс жүлде бұл. Мақсатымыз – келесі жылы өтетін қысқы Олимпиада додасынан медаль олжалау. Биылғы жыл­дың қысқы маусымын сәтті қорытындыладық. Ақпанда қысқы Азия ойындарында командалық сайыста алтын медаль бұйырды. Енді, міне, әлем чемпионатының күмісі еншімізге тиді. Бізді қолдаған қазақ еліне, барша жанкүйерлерге алғыс айтамын, – деді Денис. Ол былтыр да әлем чемпионатының финалдық сайысында бағын сынап, күміс жүлдегер атанды. Жалпы, ересектер арасында елімізден жаһандық доданың медалін иеленген тұңғыш спортшы да Д.Ни­киша.

Ерлер арасында Әділ Ға­лиях­­метов те финалға шығып, 1000 метрге жүгіруде 7-орынды місе тұтты. Әйелдер құрамасы да финалдық ке­зеңге өткенімен, жүл­деге сынық сүйем жетпей тоқтады. Яна Хан, Мәлика Ермек, Әлина Әжғалиева, Ольга Ти­хо­нова төрттігі 4-орынды қанағат тұтты.

Social Link

Follow Me On Social Media