What are you looking for?

Лос-Анджелесте алғашқы қазақ дәмханасы ашылған

18.03.2025

Лос-Анджелестегі қазақ дәмханасына баратындар көп, деп хабарлайды 24KZ. Атауы да қазақы – «Нарын». Жерлестеріміздің жарты жыл бұрын ғана бастаған шағын кәсібі жырақта жүрген отандастарымыз ғана емес, америкалықтарға да ұнай бастаған .

Аспанмен таласқан ғимараттар, Арқа мен Алатауға таңсық пальмалар, Тынық мұхитынан соққан қоңыр салқын самал жел деп келе жатқанда мұрныңызға қазақы дастарқанның иісі келуі мүмкін. Бұл қалай дейсіздер ғой. Оған дөгелектегі дәмхананы кәсіпке айналдырып отырған жерлестеріміз себепкер.

«Нарын» деп аталатын фудтрак – Лос-Анжелестегі қазақ тағамын дайындайтын алғашқы дәмхана. Кәсіпті екі отбасы бірігіп ашқан. Мәзірінде нарын, қуырдақ, палау, тұшпара, манты, самса, тандыр нан мен көже бар. Жақында ашылса да, тағамдары жұрттың көңілінен шығып, келушілер қарасы көбейген.

Салтанат Адырбаева, кәсіпкер:

- Мақсатымыз – қазақтың тамағын өз қолымыздан беру. Өйткені нарынды өзіміз тураймыз. Қатты уақытты қажет ететін нәрселер. Қазір бешбармақ бере бастадық. Сол арқылы клиенттеріміз көбейіп жатыр шынында да. Бизнестен плюсқа шықпадық. Бірақ өзін өзі жауып отыр.

Темірлан Сәдібеков, кәсіпкер:

- Енді, Құдай қаласа, сенеміз, бір-екі айдан кейін плюсқа шығамыз. Әр ай сайын +15%, +20% болып жатыр ғой.

Кәсіпті дөңгелетуде Темірланның жанұясына бажасы Ержан Үркімбаев пен балдызы Ақылзат Адырбаева қол ұшын беріп келеді. Азаматтар төл тағамдарымызды әзірлеуге таңғы төрттен бастап кіріседі. Мәзірлерді дайындауға қажет басты шикізат жылқы етін өзге қаладан арнайы тапсырыспен алдырады.

Салтанат Адырбаева, кәсіпкер:

- Екі-үш күн бұрын чикаголық қырғыздармен танысып, жылқы етін соятын адамдармен танысып, бешбармақ ұсына бастадық. Оны төрт сағат қайнатамыз. Сүрлейміз және сүрленген ет бар. Бір рет қазы алып көрдік. Кеше тіпті аншлаг болды.

Жерлестеріміздің дәмханасына жиі бас сұғатын өзге ұлт өкілдері нарын деген сөзді жаттап алған көрінеді. Күніне жүзге жуық қонақ келетін дәмхана АҚШ-тағы жерлестіріміз бен Орталық Азия елдерінен шыққан азаматтардың бас қосатын сүйікті орнына да айналып келе жатыр.

Қанат, Майами тұрғыны:

- Бұл жерден нарын сорпа, самса сатып алып тұрамын. Өзіме ұнайтыны солар. Тура үйдің тамағы секілді, дәмі керемет. Орталық Азиядан шыққан азаматтардың көбі осында келіп тамақтанып тұрамыз.

Нұрбол Қосшыбек, Лос-Анджелес тұрғыны:

- Мен өте қуанамын қазақ ретінде. Әрі осы жерге келіп, бір-бірімізді көріп, осы арада қазақ бауырлармен, жігіттермен танысып жатырмыз. Бұл да бір қазақтардың жиналып, бас қосуына себепкер негізі.

«Нарын» АҚШ-тағы санаулы қазақ дәмханаларының қатарын арттырып, халқымыздың мәдениетін дәріптеуге үлес қосып келеді. Пицца мен паста секілді қазы мен нарынды шетелдіктердің арнайы тапсырыспен алдыратын тағамға айналатын күні де алыс емес сияқты.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Бақдәулет Әлментай

Social Link

Follow Me On Social Media