What are you looking for?

Маңғыстау облысында ауызсуға байланысты алты жоба қолға алынды

18.03.2025

Маңғыстау облысын ауызсумен қамту үшін алты жобаны жүзеге асыру жоспарлаған, деп хабарлайды 24KZ. Солардың бірі – Ақтаудағы тұщыту зауыты.

Кәсіпорын жуырда өндіріс қуатын екі есеге арттырып, тәулігіне 40 мың текше метр су өндіре бастады. Бұл өз кезегінде Мұнайлы және Қарақия аудандарынан бөлек, қаланың жоғары бөлігіндегі шағынаудандарға сапалы суды жеткізуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен зауытта 2021 жылы басталған жаңғырту жұмыстары былтыр желтоқсанда аяқталды. Осы аралықта теңіздің суын кері осмос тәсілімен тұщытатын тұтас кешен бой көтерді. Қызметі толық автоматтандырылған жаңа кәсіпорын суды үш кезеңді сүзгілеуден өткізеді.

Ерлан Ерсайынов, жобаларды іске асыру тобының жетекшісі:

- Бірінші кезеңде, яғни балдыр, лай, теңіздің топырағы сияқты үлкен бөлшектерден тазартылады. Екінші кезеңде ұсақ тазалау фильтрінен өтеді. Яғни 5 микронға дейінгі бөлшектерден тазартылады. Одан кейін су мембраналар арқылы өтіп, тұздың молекулалары қалып қояды.

Бұл басқару бөлмесі. Мұнда 2 адам, яғни ауысым басшылары тәулік бойы жұмыс істейді. Олар мына мониторлардың көмегімен резервуарлардағы судың деңгейін, зауытқа теңізден қанша су келіп жатқанын, тұтынушыларға күнделікті босатылатын ауызсудың көлемін бақылайды.

Зауытты жаңғыртуға мемлекеттен 17 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде өндірістік қуаты артып, 30-дан астам жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынды жаңғыртудың келесі кезеңінде тәулігіне 60 мың текше метр су тұщытатын қосымша нысан салу жоспарланған. Биыл жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталады.

Серік Гусман, зауыт директоры:

- Модернизациялау аясында фундаменттен бастап құрылыс ангарлары салынды. Үлкен қондырғылар келді. Кәсіпорында 160 адам тұрақты жұмыс жасайды. Қазіргі таңда зауыт екі ауданнан бөлек, қосымша Ақтау қаласына да 17 мың текше метр су беріп отыр. Аманшылық болса, жалпы зауыттың өндіріс көлемін 100 мыңға дейін жеткізу жоспарымызда бар.

Маңғыстау өңірінде ауызсу тапшылығы әсіресе жаз айларында айқын сезіледі. Мамандардың болжамына сәйкес биыл тәуліктік суға деген сұраныс 211 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл мәселені шешу мақсатында «МАЭК» энергетикалық комбинатының, Қарақия және Түпқараған аудандарындағы, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағында орналасқан тұщыту зауыттарының қуатын арттыру жұмыстары қолға алынды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Social Link

Follow Me On Social Media