Астанадағы тұрғын үй кешенінің лифтінде жарақат алған бес жасар баланың анасы оның қазіргі жағдайы туралы айтты, — деп хабарлайды Skifnews .kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Әйелдің айтуынша, балаға жарақаттан кейін нейропатия диагнозы қойылған, бұл — бет жүйкесінің зақымдануы, соның салдарынан оның сол жақ беті қозғалмай қалған. Қазір ол физиотерапия курсынан өтіп жатыр, алайда дәрігерлер әлі нақты болжам жасай алмай отыр.
"Сол жағы қозғалмайды. Дәрігерлер қалпына келу процесі біраз уақыт алуы мүмкін дейді. Қосымша ота жасау туралы әзірге нақты ешкім ештеңе айта алмайды. Бір жыл ішінде оңалту барысында белгілі болады", — деді зардап шеккен баланың анасы.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарақаттар кезінде көп нәрсе ағзаның жеке ерекшеліктері мен реабилитацияның тиімділігіне байланысты болады.
Дәрігерлер баланың жағдайын үнемі бақылап отыр, бірақ әзірге ота қажет пе, жоқ па деген сұраққа нақты жауап бере алмайды.