Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әңгімелесу барысында президенттер бір-бірін келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тілеген.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың деңгейіне толық сай келетінін жеткізген.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін растады. Сондай-ақ алдағы уақытқа жоспарланған кездесулер кестесін талқылаған.