Жезқазған қаласындағы «Kinoplexx» кинотеатрында «Тағдырлар – 2» атты әлеуметтік фильмдердің таныстырылымы өтті. «Баланың жылуы», «Өзге өмір», «Жаман ой», «Соңғы тілек», «Отбасы шекарасы» деп аталатын бес қысқа метражды фильм Жезқазған қаласы әкімдігінің тапсырысымен түсірілген.
Бас продюсер Еркебұлан Молдашов, Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова, Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қаламқас Әбдуалиева шынайы өмірден алынған кино туындылары қоғамдағы келеңсіз оқиғалардан аулақ болып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге насихаттайтынын тілге тиек етті.
«Өзге өмір» фильмінде жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптап кеткен ақылы коучтарды тыңдаған жас келіншек айрандай ұйып отырған отбасын талқан ете жаздайды. Абырой болғанда тез ақылға келеді.
Фильмдерде тағдыр тәлкегіне, алаяқ адамдардың арбауына түсіп, дәрменсіз жағдайға түскен жандарға сол шырмауықтан шығудың жолдарын көрсетеді. Адасқан жастар қайда бару керек, кімнен кеңес алу керек деген сауалдың жауабын тапқандай болады. Күнделікті өмірде кездесетін оқиғаларды арқау еткен фильмдер көрерменге үлкен ой салады, сабақ болады.
Фильмде Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының әртістері, қатардағы қарапайым азаматтар ойнаған.
«Er-Nar Media» киностудиясының режиссёрі, танымал актёр Шапағат Орынбай: «Біздің студия еліміз бойынша әлеуметтік фильмдерді түсіреді. Осы жобамен он жыл бойы айналысып келеміз. Әлеуметтік фильмнің тақырыбы әр түрлі. Бүгінгі фильмді Жезқазған қалалық әкімдігінің тапсырысы бойынша «Er-Nar Media» киностудиясы жасады. Фильмдерді біздің порталдағы YouTube арнасына ай сайын бір-бірден шығарып тұрамыз. Бүгінгі таңда YouTube арнамызда тапсырыспен түсірілген 30 шақты фильм, тик-ток желілерінде 1,5-2 миллион қаралым бар», дейді.
Ұлытау облысы