Бестөбе кенішіндегі «Батыс» шахтасы опырылып, бір жұмысшы қаза тауып, тағы бір жұмысшы бірнеше жарақат алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, 19 наурыз күні сағат 10:35–те Степногорск қаласында «Қазақалтын» ЖШС Бестөбе кеніші филиалының екі жұмысшысы жазатайым жарақат алған.
— 700 метрлік Қайрат горизонтының 3-блогының беріктігін арттыру үшін ағаш материалдарын көтеру кезінде қоймадан (шатыр мен борттан) тау массасының бір бөлігі құлады. Апат салдарынан филиал қызметкерлері жарақат алды. Зардап шеккендер 13:30–да жер бетіне шығарылды. Біреуіне медициналық көмек көрсетіліп, Степногорск қаласының ауруханасына жіберілді. Қаза тапқан екінші қызметкердің денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді, — деп түсіндірді ведомство.
Марқұмның жасы 40-та, жарақат алғаны 36-да. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, зардап шеккен азаматты туыстары Степногорск ауруханасынан Астанаға алып кетті.
Департамент басшысы Амангелді Исмаиловтың айтуынша, қазіргі уақытта оқыс оқиғаға байланысты арнайы тергеу жөніндегі комиссия құрылған. Оның құрамына мемлекеттік еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы департаментінің өкілдері, жұмыс беруші мен қызметкерлерден тұратын топ кірді.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бестөбе кеніші Батыс шахтасында жұмысшының қаза болуына байланысты «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкелу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталып жатыр.