Павлодар облысындағы өзендерде мұз жару жұмысы жүріп жатыр.
Күннің күрт жылынуы тасқын қаупін арттырды. Төтенше жағдайлар қызметі Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысының аумағынан өтетін Сілеті өзенінің төрт бөлігінде мұзды жарды. Құтқарушылардың жедел тобы кей жерлерде мұзды кесіп жатыр. Өзен арнасынан асса, елді мекендерді су басуы ықтимал, дейді мамандар. Жалпы облыс бойынша 36 ауыл бақылауға алынған. Жауапты кезеңге дайындық күн сайын пысықталады. Тасқын қаупі төнген жағдайда екі мыңдай адам, 700-ге тарта техника жұмылдырылады. Жаңадан бөгеттер салынып, инерттік материал қоры жеткілікті жинақталды.
Рүстембек Амрин, облыстық ТЖД бастығы:
- Мұз жаруға байланысты арнайы бекітілген инженерлік жұмыстар Сілеті өзенінің төрт учаскесінде, жалпы ауданы 1 мың 154 шаршы метр аумақта жүргізілді. Мұз жару арқылы өзен арнасы кеңейтіледі. Бұл Шолақсор ауылында су басу қаупін азайтуға ықпал етеді. Жарылыс жұмыстарына шамамен 150 келіге жуық жарылғыш зат пайдаланылды.