What are you looking for?

Қазақ күресінен әлем чемпионаты аяқталды

21.03.2025

Жуырда Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен кезекті әлем чемпионаты өтті.Ерлер мен әйелдер арасында өткен жаһан додасына әлемнің 20 елінен келген балуандар белдесті. Жалпы есепте біздің спорт­шылар көш бастады.

Әйелдер арасында әлем чемпионы атанған шетелдік балуандардың қарымы қуантты. Халықаралық аренада ұлттық күресіміздің насихаты нығайып, қарқын алып келе жатқаны айқындала түсті. Өзге елдердің балуандары Азия чемпионаты, әлем кубогі сынды сайыстарда да алтын медаль үшін не бел, не белбеу үзілгенше күресіп жүр. Дели төрінде де бәсекелестіктің жоғары екені көрінді. Әсіресе 52 кг салмақта сынға түскендер арасында өзбек қызы Ситора Елмурадова шеберлігімен тәнті етті. Финалдық белдесуде үндістандық Мускан Мусканды «Тягарадж» ұлттық стадионын дүбірге бөлеген жергілікті жанкүйерлердің қиқулай қолдағанына қарамастан айқын жеңді. Үндістандық қыздарды да қазақ күресінен осал деуге әсте болмайды. Мәселен, 60 кг салмақта үндістандық Анну Анну қалай белдесті! Мускан жерлесінің кеткен есесін қайтарып, финалдық белдесуде Өзбекстан спортшысы Хуршида Тухлиевадан басым түсті. Ал 70 кг салмақта Нидерланд елінің балуан қызы Сем Ван Дунге құдды бір қазақ даласында туып, бала жасынан төл күресімізбен тел өскендей әсер қалдырды. Әдіс-тәсілді орайлы қолдануы қалай, қорғаныста да аптыққан жоқ. 77 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарының бәрін қоғадай жапырған грузин қызы Нино Одзелашвилидің қырқа шалуды, тобықтан қағуды шебер меңгергеніне тәнті боласың.

Ерлер сынында аса ауыр салмақта (+100 кг) өзбекстандық балуан Муксин Хисомиддинов әлемдік доданың алтын медалін иеленді. Финалда ол жерлесіміз Нұрдәулет Жарылғаповты жығып кетті.

Қазақ күресі 2022 жылдан бері Біріккен күрес әлемі (UWW) халықаралық ұйымына мүше болып бекітілді. Осыдан бас­тап ұлттық ойынымыздан өтетін ғаламдық додалар осы ұйымның күнтізбелік жоспарына енгізіліп келеді. Тағы бір ақжолтай ақпарат «Qazaq kuresi» қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов осы ұйымның ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесіне қабылданды. Бұл байлам төл ойынымыз, ұлттық күресіміз жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енуіне нық қадам болуға тиіс.

Social Link

Follow Me On Social Media