Наурыз мерекесіне орай « Жібек жолы» халықаралық пойыз бағытымен Түркістанға 300-ден астам турист сапарлап келді. Қонақтар қаланың тарихи-мәдени орындарын аралап, көктемнің басты мерекесін тамашалауды жоспарлаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Саяхатшылар сапар барысында Түркістанның басты нысандарымен танысады. Олар Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалашығына барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етеді. Сондай-ақ «Жастар» саябағы мен «Керуен сарай» кешені сияқты заманауи сәулет нысандарын тамашалайды.
Айта кетейік, «Жібек жолы» туристік пойызы өткен жылы іске қосылған болатын. Бұл бағыт аясында саяхатшылар бірнеше күн ішінде Алматы, Түркістан, Ташкент, Самарқанд және Шымкент қалаларын аралап, олардың көрікті жерлерімен танысады.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістанда туристік маусым 19 наурызда ресми түрде ашылды. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында E-qonaq жүйесінде тіркелген шетелдік туристер саны 1310 адамды құрады. Ал «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің деректеріне сүйенсек, осы кезеңде 47 мыңнан астам адам кесенеге келген.
2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болды. Бұл өңірге келетін туристер санын арттыруға айтарлықтай ықпал етті. Өткен жылдың наурыз айында қалаға 79,8 мың адам сапарлаған. Ерекше мәртебеге байланысты бұл көрсеткіштер алдағы уақытта да өседі деп күтіледі.
Бүгінде өңірде 235 қонақ үй мен 75 санаторий-курорттық мекеме жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, табиғи аймақтарға 128,6 мың адам, тарихи орындарға 880,1 мың адам саяхат жасаған.