Елордада боччадан ашық республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Дәстүрлі жарыс елімізде паралимпиадалық бочча спортының қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған. Додаға әр аймақтан мүмкіндігі шектеулі 130 спортшы келді. Олардың ішінде тірек-қимыл жүйесі бұзылған ересектер, даун синдромы және аутизмі бар балалар, менталдық ауытқуға душар болған жасөспірімдер де қатысып жатыр. Кеше басталған спорттық іс-шара 10 наурыға дейін жалғасады. Сайыс соңында жеңімпаздар мен үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Кенжехан Баймұратов, жарысқа қатысушы:
- Абай облысынан боламын. Өзім осы боччаны таңдадым. Қасымдағы көмекшім. Осыдан 3 жыл бұрын бочча ойыны қол аппараты қимылы мүгедектеріне арналған федерацияны естіп, Астанаға облыстан сұраныс жасап, нәтиже көрсеттік.
Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы:
- Алдағы біздің ең үлкен мақсатымыз – 2028 жылы Лос-Анджелесте болатын паралимпиадалық ойындар. Соған үлкен дайындық жасауымыз керек. Осы жылы біз тамыз айында Астанада бірінші рет Халықаралық боччадан жарыс өткіземіз. Одан басқа, осы жылы біздің құрама командамыз Бахрейн жарысына дайындалып жатыр. Және де боччадан Азия чемпионатына мамыр айында барады.