What are you looking for?

Қ. Тоқаев: Рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек

21.03.2025

t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды. Президент қарашаны мейраммен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Өз сөзінде «дініміз бен дәстүріміз егіз» деп, қос қазына халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түсетініне тоқталды. Сондай-ақ Наурыз дәріптейтін қасиетті ұғымдардың қазіргі бағыт-бағдарымызға сай келетінін аңғартты.

Президент қазақстандықтарды наурыз мейрамымен құттықтады

Наурыз – мерекенің төресі һәм көнесі. Табиғат жаңарып, тұтас дүние жаңғыратын, күн мен түн теңелетін бұл мейрамды халқымыз ежелден тойлайды. Қыстан қажып шыққан қараша үшін Наурыз байлық пен берекенің символы іспетті. Ғасырлар өтіп, дәуірлер көшсе де, ұлы күннің мәні кетіп, маңызы жоғалған жоқ. Санамызға қазақы құндылықтарды берік қақты. Мұны «EXPO» көрме орталығындағы көріністен анық байқадық.

Иә, елорда жұртшылығы шат-шадыман. Халық ата дәстүрін ұлықтап, қанға сінген құндылықтармен тыныстады. Ұлттық мерекені Президент осы халықтың ортасында қарсы алды. Көпшілікті құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Тарихы тереңнен тамыр тартатын ұлы күн ділімізден үзілмей, дінімізбен үйлесе кеткенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі.

Қ. Тоқаев: Рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек

Наурыз – қазақтың ғана емес, күллі шығыс халықтарына ортақ мереке. Бірақ Ұлыстың ұлы күні бізде ерекше тойланады. Мемлекет басшысының айтуынша, мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Тіпті шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Сол үшін Президент рухани қазынамызды дәріптеу керегіне тоқталды. Былтырдан бері Ұлттық мереке 10 күн бойы тойланады. Жай ойын-тоймен шектелмей, мәні-маңызына ден қояды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Наурызнама бойынша бүгін Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз.

Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-саяси бағдары Наурызда дәріптелетін құндылықтарға негізделген. Мұны Президенттің сөзінен аңғаруға болады. Мәселен, Ұлыстың ұлы кұні – тазалық мейрамы, табиғат жаңаратын уақытта халқымыз тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Мемлекет басшысы бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын тапқанын жеткізді. Былтыр қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы осы сөздің айғағы.

Қ. Тоқаев: Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру

Ұлттық мереке дәріптеген тағы бір қасиет – еңбек. Бұл жағынан да Қазақстанның бағыты баршаға мәлім.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет.

Қазір әлем алмағайып жағдайда өмір сүріп жатыр. Осы тұста Президент қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты. «Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жететінімізді еске салып, Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік! Әз-Наурыз елімізге бақ-береке әкелсін, Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Президент этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралады

Әрі қарай Президент жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралап көрді. Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран сынды шығыс елдерінен шеберлері шақырылған. Бұдан бөлек, Президентке ұлттық ойындар, қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері көрсетілді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Бахытбек Нұртаев

Social Link

Follow Me On Social Media