What are you looking for?

Түркияда Стамбул мэрінің ұсталуына қарсы наразылық күшейіп, ондаған адам қамауға алынды

22.03.2025

Жұма күні кешке Стамбул көшелеріне жүз мыңдаған адам шықты. Бұл — соңғы он жылда Түркияда болған ең ірі наразылық акциясы, деп хабарлайды BBC News орыс қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Халық Стамбул мэрі Экрем Имамоғлының сыбайлас жемқорлық жасап, лаңкестік топтарға көмектесті деген айыппен қамауға алынуына наразылық білдіріп жатыр.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жетекші оппозиция қайраткерінің тұтқындалуынан кейін елде қарқын алып жатқан наразылық толқынын қолдамайтынын мәлімдеді. Жұма күні сөйлеген сөзінде Ердоған үкіметтің "вандализмге" немесе "көше террорына" "көнбейтінін" және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермейтінін айтты.

Түркияда шерулерге тыйым салынғанына қарамастан, Стамбул мэрі Экрем Имамоғлының сыбайлас жемқорлық және лаңкестік топтарға көмектесті деген айыппен қамауға алынуынан туындаған наразылықтар үшінші күннен бері қарқын алып келеді.

Тергеу аясында Имамоғлыдан бөлек, саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлерден тұратын жүзден астам адам қамауға алынды. Бұл Эркемнің 2028 жылғы сайлауда оппозициялық Республикалық Халық партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылуына бірнеше күн қалғанда болған жағдай. Имамоғлы алдағы сайлауда Ердоғанға елеулі бәсекелестік тудыратын кандидат болар еді.

"Бұл РХП митингі емес, мұнда барлық партияның адамдары мэр Имамоғлыға қолдау білдіріп, демократияны қорғау үшін жиналды", — деді РХП басшысы Өзгүр Өзел қалалық әкімдік алдына жиналған наразылық білдірушілерге.

Оның айтуынша, Ердоған "әділдікті қару ретінде пайдаланып, Имамоғлының қолын бұрауға тырысып жатыр". "Бірақ біз бұған жол бермейміз", — деп қосты Өзел. Ол Ердоғанның бұл наразылықтардан қорқатынын атап өтті.

Өзелдің күш қолданбау және полициямен қақтығыспау туралы үндеулеріне қарамастан, оның сөзі кезінде наразылық білдірушілер мен көзден жас ағызатын газ бен пластик оқтарды қолданған полиция арасында қақтығыс болды.

Анкара мен Измирде де қақтығыстар болған, онда полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарын қолданған.

Кейін Түркияның Сыртқы істер министрі Али Ерликая X әлеуметтік желісінде көшедегі наразылық акциясының 97 қатысушысы мен "интернетте зорлық-зомбылыққа шақырған" 54 адамның ұсталғанын хабарлады.

Ол сондай-ақ демонстранттармен қақтығыс кезінде 16 полиция қызметкерінің жараланғанын жазды.

Оппозиция өкілдері тұтқындаулардың саяси астары бар дейді, бірақ елдің Әділет министрлігі қамауға алудың артында Ердоған тұр деп есептейтіндерді сынға алып, сот жүйесінің тәуелсіз екенін алға тартып отыр.

Имамоғлы өткен жылы жергілікті сайлауда жеңіске жетіп, Стамбул мэрі ретінде екінші мерзімге тағайындалған болатын.

Бұл Ердоған билікке келгеннен бері оның партиясы бүкілхалықтық сайлауда жеңіліске ұшыраған алғашқы жағдай болды.

Сайлау нәтижелері Стамбулда өскен және қала мэрі қызметін атқарған президент үшін де жеке соққы болды. Ердоған 22 жыл бойы Түркияда басшылық қызметтерді атқарып келеді. Мерзімі шектеулі болғандықтан, ол конституцияны өзгертпейінше, 2028 жылы қайта президенттік сайлауға түсе алмайды.

РХП-дан президенттік сайлауға кандидатты тағайындау келесі жексенбіге жоспарланған. Дауыс беруге бір жарым миллион адам қатысады, ал Экрем Имамоғлы жалғыз үміткер болып отыр.

РХП азаматтарды сайлауға дауыс беруге шақырды және ұсталған мэрге тұрғындар қолдау көрсете алуы үшін Түркияның барлық ауданында сайлау жәшіктерін орналастыруды жоспарлап отыр.

Social Link

Follow Me On Social Media