What are you looking for?

Алматыда 1000 зейнеткер жұмыспен қамтылады

23.03.2025

Биыл Алматыда мыңға жуық зейнеткер тұрақты жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды 24kz.

Қала әкімдігі «Алтын жас» бағдарламасы арқылы қарттарды қызметке орналастырып жатыр. Қаңтар айынан бері 100-ден аса зейнеткер өз мамандығы бойынша жұмысын бастаған. Жұмыс берушіге де, зейнеткерге де тиімді жобаға сұраныс қандай?

Аршын Кемелжан, тілші:

- Іске жарамды зейнеткерлерге арналған «Алтын жас» бағдарламасы 2024 жылы басталған. Былтыр 6 айда 700 адам жаңа жұмысқа орналасыпты. Солардың бірі – Назкен Қожахметова. Ол мемлекеттік емханада 35 жыл мейірбике болған. Зейнет жасына жеткен маман әлеуметтік бағдарламаның арқасында қазір жекеменшік медициналық орталықта еңбек етіп жүр.

Назкен Қожахметова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Менің жұмыс графигім өзіме өте ұнайды. Күнделікті тоғыздан алтыға дейін істеймін, 60 минут түскі үзіліс бар және зейнеткерлерге ерекше, жақсы мейіріммен қарайды. Директордың өзі де, әкімшілігі де бізді ешқандай ауыр іске рұқсат етілмейді.

Жыл басынан бері зейнеткерлерге арналған 500 бос жұмыс орны жарияланған. Соның алғашқы 100 адамы жолдама алып, жаңа жұмысқа орналасыпты. Қалалық еңбек мобильділігі орталығының айтуынша, зейнеткерлерге арналған 1000 бос жұмыс орнының тізімі жасалған. Ол сұранысқа қарай жарияланып тұрады. Зейнеткерлердің ең төменгі айлығы 170 мың теңге.

Әділет Жаңабаев, қалалық еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Жұмыс беруші мен мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Жұмыс беруші тағайындаған жалақының 50%-ін мемлекет өзі субсидиялайды. Бірақ ол субсидия бір айлық жалақыдан аспайды, яғни, 85000 теңгеден аспайды. Әрі қарай жұмыс беруші жалақыны көбейтем деп жатса, 85 мыңнан артық төлеуіне мүмкіндіктері бар.

Жоба 2028 жылға дейін жалғасады. Әлі де еңбек етіп, жалақы алсам дейтін зейнеткерлердің өтінішін жауапты орталық мамандары қарастырады. Бағдарламаға тек Алматы тұрғындары қатыса алады. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша білім беру, медицина, фармацевтика, өндірістің кейбір түрлерінде зейнеткерлерге жұмыс көп.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Social Link

Follow Me On Social Media