Ақтаудағы тарихи-өлкетану музейінің ұлттық киім-кешек қоры жыл сайын толығып келеді.
Олардың арасында 50-60 жылдық тарихы бар құнды жәдігерлер де бар. Ерлердің сырт киімі, қыз-келіншекке арналған ішік-шапанды жергілікті ісмерлер төрт түлік пен түз тағысының терісінен тіккен. Маңғыстаулықтар ұлттық киімді тек мереке күні ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүреді.
Музей қорында сақтаулы тұрған ұлттық киімдер көздің жауын алады. Ерте заманда тұрғындар түлкі, қасқыр терісінен тігілген ішік пен тонды салтанатты шараға арнап киген екен. Күзгі суықта түйе, қой жүнінен тоқылған кеудеше, шапан киіп, қыста сеңсең тонмен қымтанған. Мамандардың дерегінше, маңғыстаулықтар Амал және Наурыз мерекесіне ерекше сәнді киінген. Жас келін басына ілмелі орамал тартса, егде әйел ақ жаулық таққан.
Айжанат Іңірбай, музей қызметкері:
- Жалпы қазақ халқы, маңғыстау халқы кішкентай күнінен қыз баланы ешқандай тұмшалап өсірмеген. Қыз бала жаңа жасөспірім болып келе жатқан кезде басына тақия кигізген. Шашын екі өрім қылып өргізіп, оған шолпы тағып қоятын болған. Қыз бала үйге келе жатқан кезде дыбысы, сылдыры естіліп отыратындай болып. Содан кейін өсе келе желекке ауыстырған. Орамал таққан.
Қазір облыста ұлттық киім тігетін мыңға тарта ісмер тұрады. Кейбірі тігін шеберханасын, енді бірі шағын кәсіпорын ашып өз ісін дөңгелетіп отыр. Бүгінде 20 этнодизайнердің кәсібі брендке айналды. Ісмер Нәзила Сатқанова барлық өңірден тапсырыс алатынын айтады. «Жергілікті халық күнделікті киетін киімнің ою-өрнекпен көмкерілуі ежелден қалыптасқан дәстүр», дейді қолөнер шебері.
Нәзила Сатқанова, этнодизайнер:
- Бірінші жылы бастағанымда да тапсырыс болатын. Бірақ салыстырмалы түрде соңғы жылдары өте көп тапсырыс. Әсіресе Наурыз айында. Мерекелерге дайындық кезінде тапсырыс өте көп болады. Тігіп үлгермей жатамыз кейде. Тек ғана үлкен кісілер ғана емес, қазір жастар да қазақи нақышқа қатты мән береді. Қазақша киімдерді кигісі келеді.
Аймақта тойдан бөлек, жұмысқа да қазақы нақыштағы киім кию жаппай сәнге айналып келеді. Көшеде түйе жүнінен тігілген жеңіл жадағай киген ер-азамат, ақ кимешекті әже жиі кездеседі. Осылайша ұлт айнасы — ұлттық киім-кешекті дәріптеуге маңғыстаулықтардың жасы мен жасамысы да өз үлесін қосуда.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев