Оңтүстік Кореяның ең үлкен аралы Чеджуда алғаш рет шоколад шоуы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған какао бұршағын өндірушілер мен әлемге әйгілі шоколад жасаушылар қатысты. Бұл арал неге шоу өткізу орны ретінде таңдалды және оның жаһандық жылынумен қандай байланысы бар?
Владислав Цой, тілші:
- Чеджу аралында өткен алғашқы шоколад шоуына бес елден қатысушылар жиналды. Келушілерге какао бұршағын кептіру мен ұнтақтау процесі және олардан шоколад қалай жасалатыны көрсетілді. Шеберлердің ісі оңтүстіккореялық көрермендерді таңқалдырды. Әйгілі шоколатье Коринн Маг жиналған жұртпен кәсіптің қыр-сырымен бөлісті. Шебердің айтуынша, бұл жемістің дәмі ащы болады, сондықтан олардан тәтті шоколад жасау үшін қант, соя лецитині, май, құрғақ сүт және ванилин қосады екен. Ал әлемде какао бұршағын негізгі экспорттаушылар Гана мен Кот-д’Ивуар елдері дейді.
Коринн Маг, кәсіпкер:
- Кореяда сапалы шоколад жоқ. Тек өнеркәсіптік әдіспен жасалатын шоколад қана бар. Бірақ оның құрамында тек қант пен сапасыз какао бұршақтары болады. Францияда да бұрын осылай дайындалған. Қазір бізде бұл тәттілерді арнайы әдіспен өндіретін 250-ден астам компания бар. Біздің технологиямызда какао бұршағындағы полифенолдар, дәрумендер, минералдар сияқты пайдалы заттардың бәрі сақталады.
Экономистердің болжамынша биыл шоколадтың бағасы 15-25%-ке қымбаттауы мүмкін. Бұл Батыс және Орталық Африка елдеріне жаһандық жылынудың әсерімен байланысты. Америкалық Climate Central компаниясының зерттеулері бойынша соңғы он жылда какао өндірісінің негізгі орталықтары саналатын аталған елдерде аптап ыстық жиілей түскен. Мұндай климаттық өзгерістер кейбір өңірлердегі какао өндірісіне кері әсер етеді деген болжам бар. Бірақ жаһандық жылыну Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында, керісінше, какао ағашын өсіруге қолайлы етуі ықтимал.
Ли Джон Ин, кәсіпкер:
- Чеджу аралында негізгі ауыл шаруашылығы өнімі ретінде қарақұмықты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Бірақ климаттық өзгерістердің салдарынан оның өнімділігі төмендеп барады. Сондықтан какао өсіруге басымдық беруді шештік. Біз Чеджу аралы какао өндірісінің орталығына айналып, осы саланың дамуына үлкен үлес қосады деп үміттенеміз.
Какао ағаштары ауа температурасы 21-30 градус Цельсий аралығында және мол жауын-шашын жағдайында жақсы өседі. Чеджу аралында жаңбыр жиі жауады, ал ауа температурасы жыл сайын көтеріліп келеді. Өткен жылы аралдағы орташа температура 17,8 градус Цельсийді құрады. Бұл орташа жылдық көрсеткіштен 1,7 градусқа жоғары.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян