What are you looking for?

Ақтауда озық үлгідегі жедел жәрдем станциясы ашылады

25.03.2025

Биыл Ақтауда озық үлгідегі жедел жәрдем станциясы қолданысқа беріледі .

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба құрылысы белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Станцияның қызметтік көлік паркі толығымен жаңартылады. Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күні Мұнайлы ауданында көпбейінді аурухана есігін айқара ашты. Халқы тығыз қоныстанған елдімекен тұрғындары медициналық нысанның ашылуын ұзақ күтті.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Облыстық жедел жәрдем станциясы 34а шағын ауданда салынып жатыр. Құрылыс алаңының жалпы аумағы 2,6 гектар. Мұнда өз алдына бөлек 3 ғимараттың құрылысы былтыр басталды. Қазір жұмыстың 25 пайызы аяқталып тұр.

Президент 2022 жылы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ақтауда орталық жедел жәрдем станциясын салуға тапсырма берген болатын. Араға бір жыл салып, жобаның техникалық сараптамасы әзірленді. Станция құрылысы өткен жылдың жазында басталды. Жоспарға сәйкес, бас ғимарат төрт қабаттан тұрады. Онда фельдшерлердің біліктілігін арттыратын симуляциялық орталық, шақыртуларды қабылдайтын қызмет мамандары мен әкімшілік бөлім орналасады. Сонымен қатар 20 жедел жәрдем көлігіне арналған бөлек нысан қарастырылған.

Бибізада Дүйсенбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз жедел жәрдем көліктерінің санын көбейтейік деп отырмыз. Биыл біз үлкен екі жоба арқылы сұраныс беріп отырмыз. Біреуі НКОК фирмасы арқылы демеушілік көмекпен. Екіншісі 32 автокөлікті осы жергілікті атқарушы орган тарапынан. Егер де 52 автокөлік берілетін болса, яғни оны толығымен іске қосуға қазірден бастап осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мұнайлы ауданында 180 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында Маңғыстау ауылында 150 орындық көпбейінді аурухана салынды. Жуырда құрылысы аяқталған медициналық мекеме заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Қазіргі уақытта олар емдеу палаталарына орнатылып жатыр. Жалпы аумағы 28 мың шаршы метр болатын аудандық аурухана 6 корпустан тұрады.

Еркебұлан Көкіш, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

- Ғимарат дайын. Қазіргі таңда заманауи талаптарға сай медициналық құрал-жабдықтарының барлығы монтаждалып, іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы да кезең-кезеңімен. 2022 жылы құрылысы басталған. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылысы созылып кетті. Бұйырса, жақын арада ашылу салтанаты болады.

Қазіргі уақытта Ақтауда облыстық көп бейінді аурухана, екі мемлекеттік емхана және 12 жеке медициналық мекеме жұмыс істеп тұр. Айта кетерлігі, Маңғыстау облысы табиғи туу көрсеткіші бойынша елімізде жетекші орында. Медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені азайту мақсатында облыс орталығында 200 төсек-орындық жаңа аурухана салынып жатыр. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылуда.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Social Link

Follow Me On Social Media