Адам есімі өз тағдырына әсер етеді. Психологтардың пікірі осындай. Өйткені кейбірі атына сай болуға ұмтылса, енді бірі қымсынады. Ұлттық статистика бюросы есімдерге қатысты мәліметтерді жаңартты. Кейінгі кездері сәбилерге қандай аттар жиі қойылады? Бұған ономаст ғалымдар мен дін өкілдері не дейді?
Мейрамбек пен Айзада жақында үшемнің ата-анасы атанды. Сәбилердің үшеуі де қыз. Оларға Мәдина, Раяна, Аяла деп ат қойды. Алғашқы екі есімді әулеттің үлкендері таңдаған. Соған ұйқастырып үшінші есімді таңдапты.
Мейрамбек Мағзомов, қала тұрғыны:
- Аяла деп өзім қойғым келді. Өзіме ұнады. Үлкен қыз бен ортаншысын атасы мен әжесі қойды. Сосын соңғысын өзің қой дегесін таңдаған есімім өзіме ұнаған.
Ұлттық статистика бюросы елде жиі қойылатын есімдердің жаңа тізімін жариялады. Былтыр ұлдар арасында Мұхаммед, Айсұлтан, ал қыздар арасында Айлин, Медина аттары көп қойылған. Үздік ондықты тарихи, діни және заманауи аттар бөлісіп тұр. Онамаст ғалымдар төл есімдердің ұлттық болмыс пен тарихты жаңғыртуда маңызы зор екенін айтады. Сондықтан батырлар мен зиялылардың есімін терең дәріптеуді құптап отыр.
Ұлдар Қыздар
Мұхаммед — 3652 Айлин — 5635
Айсұлтан — 2872 Медина — 5455
Мұхаммад — 2744 Асылым — 5049
Алихан — 2736 Айша — 4529
Омар — 250 Томирис — 3395
Алдияр — 23 Аяла — 3011
Амир — 2285 Айым — 2885
Алан — 2278 Раяна – 2816
Али — 1926 Сафия — 2801
Хамза — 1871 Мәриям — 2798
Жазира Ағабекқызы, ономаст ғалым:
- Қазір біз әртүрлі жаһандануда, әртүрлі мемлекеттермен араласып жүрміз. Мысалы, менің атымды орысша қойса, мені ешкім орыс деп қабылдамайды. Менің атымды арабша қойса, мені ешкім араб деп қабылдамайды. Өйткені менің сыртқы тұлғам, ішкі жан-дүнием, дүниетанымым қазақша болып тұр. Ұлттық есімді беретін болсаңыз, сіздің ішкі және сыртқы дүниетанымыңызда баланс болады деп ойлаймын.
Елде діни наным-сенімге байланысты аттар да көп. Соның ішінде мұсылманша есімдер жиі кездеседі. «Әсіресе пайғамбарлар мен сахабалардың құрметіне қойылып жатады», – дейді имам.
Өмірзақ Бекқожа, Шейх Күнта қажы мешітінің бас имамы:
- Мысалы, Садуақас деген ат көп болды ғой. Садуақас деген Пайғамбарымыз жақсы көретін сахабасы Сағд ибн әбу Уақас деген. Ал енді Смағұл деген ертеде есімдер болды. Смағұловтар көп қой қазір, мысалы. Ысқақовтар көп. Ысқақ, Смағұл деген пайғамбарларымыздың аты, құрандағы персонаждар. Сол сияқты Имам, Ислам, Нұриддин, Нұрислам деген аттарды қойған абзал.
Психологтың айтуынша, есім қоюға бейжай қарамаған жөн. Өйткені адам тағдырына әсер етуі мүмкін. «Кейбірі өз атына сай болу үшін талаптанса, кейбірі есімінен ауырлық сезініп жатады», – дейді ол.
Жаңагүл Тұрманова, психолог:
- Адамды алаңдатуы мүмкін немесе есіміне деген көзқарастар әлеуметтік немесе психологиялық факторларға байланысты қалыптасуы мүмкін. Адамның есімін берген кезде мүмкіндігінше позитивті, сосын қоғамда өзін еркін сезінетін, жеңіл сезінетін, өзіне күш-қуат беретіндей, мотивация беретіндей есім таңдап алған дұрыс деп ойлаймын.
Қазақ халқы сәбидің есімін оның дүниеге келген айымен де байланыстырып жатады. Мысалы, наурыз есімі көп кездеседі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде қазір Наурыз, Наурызбай, Наурызбек, Наурызгүл есімді 8 мыңға жуық адам бар. Бұл дәстүрлі үрдіс биыл да жалғасын тапқаны анық.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев
Related items