0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
«Димаштың өнерімен таныс болған соң, домбыра шертуді үйрендім!» Осылай деген Чилилік Андреа Луенго, қос ішекті аспапты меңгеріп, қазақ мәдениетін зерттеп-зерделеп жүр. Арманы — қазақ тілін үйрену, Димашпен кездесу.
Қазақтың қара домбырасының үні сонау Чили елінен шығып жатыр. Күйді күмбірлетіп жатқан Андреа Сантьяго қаласының тұрғыны. Қос ішекті аспапқа Димаштың өнерін көргеннен кейін қызыққан.
Андреа Луенго, Чили азаматы:
Алғашында домбыраны бір видеодан көріп, аса мән бермегенмін. Кейін Димаштың өнерін көріп, тәнті болдым. Үш жыл бойы оның шығармашылығын тамашалап, ақыры Чилиге 2 ай күтіп, домбыра алғыздым.
30 жастағы Андреа ауруханада мейірбике болып жұмыс істейді. Музыкаға жаны жақын. Гитара, укулеле мен фортепианода ойнайды. Қазақ халқының ұлттық аспабын өз бетінше үйренген. Оның айтуынша, қызығушылық пен ынта болса, бәрі мүмкін.
Андреа Димаштың концертін көру үшін Қазақстанға келіп, достарымен бірге елді аралаған. Әсіресе, Алматыны өз үйі Сантьягоға ұқсатқан – екі қаланы да таулар қоршап жатыр.
Андреа Луенго, Чили азаматы:
Чилидегі жергілікті халықтар мен қазақтардың мәдениеті ұқсас. Олар да киіз сияқты баспаналарды пайдаланады. Кейбір үрмелі аспаптары сазсырнайға келеді. Ал қазақ әшекейін тағып көшеге шықсам, ешкім таң қалмайды – себебі зергерлік бұйымдары да аумай қалған.
Андреа Луенго, Чили азаматы:
Бұл көктем мен жаңа жылдың басталуы ғой. Жұрт ұлттық тағамдарын әзірлеп, киімдерін киеді. Келешекте Наурызды Қазақстанда атап өтсем деймін. Ал қазақ халқын Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл табыс, денсаулық және қуаныш әкелсін.
Ал қазақ мәдениетіне қызыққан арудың басты арманы – домбыра тартқанын Димаштың өзіне көрсету. Әншінің қолтаңбасын алу.
Темірлан Нұржанұлы