Донорлық жүректі трансплантациялау бойынша 100-операция сәтті өтті. Айтулы оқиға қарсаңында өткен форумда сала жетекшілері донорлықтағы өзекті мәселелерді, трансплантологияның даму келешегін талқылады.
Форумға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «University Medical Center» басқарма төрағасы Юрий Пя, Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов бастаған сала білгірлері қатысты. А.Әлназарова трансплантологияның даму бағыты туралы баяндады.
– Жүзінші жүрек трансплантациясы саланың одан әрі дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтың мәйіттік донорға деген көзқарасын өзгерту үшін кешенді стратегия қалыптастырудың маңызды екенін көрсетеді. Елімізде трансплантологияны дамытуға барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықталған трансплантациялық орталықтар бар. Жоғары білікті трансплантологтер жұмыс істейді. Донорлық пен трансплантацияға қатысты нормативтік-құқықтық база бекітілген. Дегенмен бұл саланы Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық ұйымдар қоғамның қолдауынсыз дамыта алмайды. Донорлыққа келісім беру қара жамылған отбасыға да қиын. Әйткенмен донорлық мәдениетті қалыптастыру, бір-бірімізді қолдау – қоғамның ортақ міндеті деп білеміз,– деді министр.
Елде донорлық жүректі трансплантациялау операциясы алғаш 2012 жылы 8 тамызда UMC Жүрек орталығында жасалған. Сол кез операцияға клиниканың негізін қалаушы Юрий Пя мен Чехияның танымал кардиохирургі Ян Пирк қатысты. Денсаулық сақтау саласындағы бұл батыл қадам трансплантологияның дамуына жол ашып, халықтың донор деген көзқарасына оң әсер етті. Елде алғаш рет жүрек трансплантациясын жасатып, аман қалған реципиент бүгінде дені сау, белсенді өмір сүреді. Елімізде жүрек трансплантациясын күтіп отырғандар тізімінде 142 науқас бар. Оның ішінде бесеуі – бала. Донорлық трансплантация жылдан-жылға дамып, операция көбейіп келеді. Алайда бұл тізім донорын күте алмай қайтыс болған науқастардың есебінен де қысқарған.
Дәрігерлердің айтуынша, елде әлеуетті донор тапшылығы жоқ. Жыл сайын шамамен 300 адамның ми өлімі тіркелсе, олардың трансплантацияға жарамды ағзалары сау күйінде қала береді. Егер донордың туыстары медициналық көрсеткіштерге сәйкес келетін жағдайда келісім берсе, бір донордың органдарымен 5-6 адамның өмірін сақтап қалуға болар еді. 100-трансплантация операциясына кірген науқас созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауырған. 53 жастағы ер адам төрт жыл механикалық жүрек қолдау құрылғысымен өмір сүрген.
«University Medical Center» басқарма төрағасы, еліміздің жетекші кардиохирургі Юрий Пя трансплантация медицинасы кез келген елдің дамығанын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті.
– Жүрек трансплантациясының басқа органдардың трансплантациясынан айырмашылығы – тек мәйіттік донор арқылы іске асады. АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Ричард Чейни жүрек ауруына байланысты емдеудің бірнеше кезеңінен өтті. Оған коронарлық артерияларды стенттеу, шунттау жасалды. Жүрек жеткіліксіздігі дамыған кезде жасанды сол жақ қарынша имплантацияланды. 2012 жылы 70 жасында оған донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. Кейін кардиологтермен бірге «Жүрек» атты кітап жазды. Онда адам өмірінің ең үлкен құндылығы – басқа адамға өмір сыйлау мүмкіндігі екені жазылған. Елімізде жүзінші жүрек трансплантациясының жасалуы – өмірге, бір-бірімізге деген көзқарастың өзгеруі, – дейді Ю.Пя.
Жүрек трансплантациясының жүзінші опарециясына арналған форумда «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры «University Medical Center»-мен бірлесіп, елде трансплантологияның дамуына үлес қосқан мамандар мен ұйымдарды «100 жүрек трансплантациясы» естелік мүсіндерімен марапаттады. Қонақтар донорлық ағзаларды ұзақ мерзім сақтауға, емдеуге, тасымалдауға арналған «Alem» инновациялық құрылғысының таныстырылымын тамашалады. Медицинада мүмкіндігі мол, аса қажет құрылғыны отандық ғалымдар әзірлеген.