Сенат комитетінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин 2050 жылға арналған демографиялық болжамды назарға ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын демографиялық болжам әзірлейді, бұл болжам қазіргі уақытта Қазақстан халқы санының өсу қарқыны арта түсетінін аңдатып отыр. 2050 жылға қарай тұрғындар саны 27,5 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Алайда өңірлік тұрғыда бұл өсім біркелкі болмайды.
Өсімнің негізгі бөлігі мегаполистер, сондай-ақ көші-қон есебінен болады. Тек 2024 жылдың өзінде мегаполистердің халқы көші-қон есебінен 127 мың адамға өсті. Сонымен қатар солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда халық санының азаюы байқалып отыр. Бұған халықтың табиғи қозғалысы мен көші-қон процестері себеп", — деді Еңбек вице-министрі Олжас Анафин.
Қазақстанның солтүстік облыстарында халықтың орташа жасы — 37, Солтүстік Қазақстан облысында — 39 жас, орталық және шығыс бөлігінде 36 — жас. Оның үстіне Қазақстан халқының орташа жасы небәрі 32 жас болып отыр.
"Қазақстандағы орташа жас 2050 жылға қарай 33 жасқа дейін артады. Солтүстік облыстарда ол 41 жасқа, орталық және шығыс аймақтарда 40 жасқа дейін артады деп күтілуде", — деп қосты вице-министр.
Анафиннің айтуынша, көші-қон бойынша 2024 жылы оң сальдо Алматы мен Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында ғана байқалады.
Халық солтүстік аймақтардан кетуді жалғастырып жатыр, деп атап өтті спикер.
"Халықтың жас құрылымының ерекшеліктеріне байланысты 2027 жылға дейін жұмыс күші көрсеткіштерінің өсімі шамалы немесе мүлдем болмайды деп күтілуде. Алайда осы кезеңнен кейін еңбек нарығына ат салушылар қарқыны артады деп болжанып отыр.
Осылайша, жұмыс күші 2030 жылға қарай 10 миллион адамға, 2037 жылға қарай 11 миллион адамға, 2044 жылға қарай 12 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Жұмыс күшінің негізгі ағыны мегаполистерде сақталады", — деп толықтырды вице-министр.