Алматы қаласының мектептерінде STEM бағытында білім беруге көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Қазір қаладағы 216 мектептің 71-інде арнайы жабдықталған заманауи пәндік кабинеттер бар.
STEM – жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математиканы біріктіретін білім беру жүйесі. Мұғалімдер бұл зертханаларда сабақтан тыс үйірмелер өткізіп, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытады. Сонымен қатар бұл білім беру әдісі балалардың технологиялық өзгерістерге жылдам бейімделуіне және болашақта білікті маман болуына жол ашады. STEM аясында оқушылар тек зерттеу жұмыстарымен шектелмей, инновациялық идеяларды жүзеге асырады. Бұл елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Алматының білім басқармасы мен қалалық ғылыми-әдістемелік орталық бұл бағытты одан әрі дамытуды көздеп отыр. Ал сарапшылар: «Бұл салада білікті педагогтар санын көбейту керек», – дейді.
Дәурен Сағынғалиев, қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры:
- Бұл бізді ерекше қуантады, өйткені осы арқылы жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану, балалардың инженерлік дағдыларын дамыту, олардың технологияға бейімділігін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар біздің балаларымыздың жан-жақты дамуына, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына өзінің ерекше ықпалын тигізеді.
Жаңыл Әбілбек, сарапшы, жаратылыстану ғылымдарының докторы:
- Жеткілікті түрде біз педагогтарды дайындап үлгере алмай жатырмыз. Сол себепті де белсенді түрде жаңа жобалар шығып жатыр. Бізде осы бағыт бойынша өзінің біліктілігін арттыратын курстар көбейіп келеді. Бұл мұғалімдерге арналған үлкен мүмкіндіктердің бірі деп білеміз.