What are you looking for?

Қазақстандық үш каратэші әлемдік Grand Winner жүлдесіне үміткер атанды

29.03.2025

Премьер-лиганың екі кезеңінен соң қазақстандық Мөлдір Жаңбырбай өз салмағында 1260 ұпаймен көш бастап тұр.

Каратэден Қазақстан құрамасының үш спортшысы Мөлдір Жаңбырбай, Софья Берульцева және Әсел Қанай әлемдік Grand Winner жүлдесіне үміткер атанды. 2023 жылы бұл марапатқа әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай ие болған еді. Команда мүшелері биыл да әлемнің үздігі атануға бір қадам жақындай түсті, деп жазды Spоrtbugin.kz.

Каратэ Олимпиада бағдарламасынан тыс қалса да, аталған спорт түріне деген қызығушылық әсте төмендеген жоқ. Бүгінде отандық каратэшілер әлемдік Премьер-лига турнирлерінде сәтті өнер көрсетуде. Одан бөлек, биыл команданы Бүкіләлемдік ойындар, Ислам ойындары, Азия және әлем чемпионаты сынды дүбірлі додалар күтіп тұр.

Жыл басынан бері әлемдік Премьер-лига турнирінің екі кезеңі өтті. Қазақстан командасы 24-26 қаңтар аралығында Парижде (Франция) және 14-16 наурыз күндері Ханчжоуда (Қытай) өткен бәсекеден жалпы есебі 8 медальмен оралды.

Париж төрінде Әсел Қанай (61 келі) мен Софья Берульцева (+68 келі) күміске қол жеткізсе, Мөлдір Жаңбырбай (50 келі), Қайсар Алпысбай (60 келі) және Диас Анарбеков (+84 келі) қола медаль еншілеген.

Ханчжоуда Мөлдір Жаңбырбай күмісті қанағат етсе, Әсел Қанай мен Софья Берульцева үздік үштікті тұйықтады.

Каратэден мемлекеттік жаттықттырушы Майя Баймағанбетованың айтуынша, тап осы турнир қорытындысы бойынша беделді Grand Winner жүлдесі табысталады, сондай-ақ, осында жиған ұпайлары арқылы каратэшілер Қытайдың Чэнду қаласында өтетін World Games додасына жолдама алмақшы.

"Бүкіләлемдік ойынға әр салмақтан 8 спортшы ғана іріктеледі. Әзірге, Мөлдір Жаңбырбай, Қайсар Алпысбай және Дидар Әмірәлінің бұл бәсекеге жолдамасы дайын. Рейтинг бойынша тағы үш спортшымыз лицензиядан үмітті. Ал әлемдік Grand Winner жүлдесіне биыл үш спортшымыз номинант атанып отыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Себебі, бұл жүлдені Қазақстан құрамасынан Мөлдір ғана алған еді. Қазіргі таңда Мөлдірмен бірге Әсел Қанай және Софья Берульцева осы жүлдеден үміткер", – деді мемлекеттік жаттықтырушы.

Премьер-лиганың екі кезеңінен соң қазақстандық Мөлдір Жаңбырбай өз салмағында 1260 ұпаймен көш бастап тұр.

"Париждегі турнирге толық дайындалып үлгермесем де, үздіктер қатарында болдым. Ал Ханчжоудағы финалда жеңіліс таптым. Алтын алуды мақсат еткенмін. Десе де, бұл да ұпай қорымды молайтуға мүмкіндік болды. 2023 жылы Grand Winner жүлдесі маған бұйырды. Сол кезде Египет құрамасының үш каратэшісі осы атақты алып кетті. Мысырлықтарға қарап, бізден де бірнеше спортшы алса ғой деген тілек болған еді. Биыл осы межеге келе жатқандаймыз. Жалпы өзім үшін әлем чемпионатында топ жару да аса маңызды болып тұр. Себебі, каратэден еңбек сіңірген спорт шебері атағы екі дүркін әлем чемпионына ғана беріледі. Сондықтан, тағы да бағымды сынап көргім келеді", – деді спортшы.

Мөлдірден бөлек, 61 келідегі Әсел Қанай (1140 ұпай) рейтингте бірінші, Софья Берульцева 68 келіде екінші орында (1260) тұр. Алда Премьер-лиганың әлі екі кезеңі бар. Египет және Мароккода өтетін турнирлерден соң, Grand Winner иегерлері анықталады.

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы мамыр айында өтетін Азия біріншілігіне және қараша айында ұйымдастырылатын әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде.

Social Link

Follow Me On Social Media