Абай облысы Бұлақ ауылында төрт түлік малдан бруцеллез анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Жұқпалы дерт зертханалық талдау арқылы анықталған малдың көзі жойылды. Елді мекен карантинге жабылып, ауру малдың еті мен сүтін шығаруға шектеу қойылды. Бірақ ауыл тұрғындары: «Сау малымызды бруцеллез деп, арзанға өткізуге мәжбүрміз», — деп отыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Серікхан Серікбайұлының қорасындағы 12 сиырынан сарып ауруы табылған. Ауру мал дереу сойылып ет, шұжық зауыттарына тапсырылған. Зауыттар ондай малдың етін нарық құнынан екі есе арзанға алады. Енді ауылдықтар: «Жалғыз табысымыздан айырылып, нәпақасыз қалдық», - деп отыр.
Серікхан Серікбайұлы, Бұлақ ауылының тұрғыны:
- Өзімнен 12 бас шықты, көршімнен 24 бас шықты. Мына жақтағы жігіттерден 28-ден шықты. Бестен, үштен, екіден, бірден көп мал шығып жатыр. Барлығы бір табынды бітірді ғой. Үш жүз бастай болып қалатын шығар. «Вакцина салыңдар» десек, не вакцина салмай тұр. Карантин тоқтамағанша шектеу.
Ауыл тұрғындары жүргізіліп жатқан тексеріс жұмыстарына күмәнмен қарайды. Сондықтан тәуелсіз сарапшыларға жүгінбек болған. Бірақ бұған жауаптылар рұқсат бермеген. Бұлақ ауылының тұрғындарына жарты жылдан бері өндірген өнімін базарда сатуға тыйым салынған. «Ауыл жақта төрт түлік малдан басқа қаржы көзі, кәсіп пен жұмыс жоқ», - дейді халық.
Жанат Сембайқызы, Бұлақ ауылының тұрғыны:
- «Бұл тест таяқша заңды емес», — дейді мал дәрігерлері. Мен неше күннен бері оқып жатырмын, ол заңды дәлелденген. Лаборатория, тест талдауы не, бәрі бірдей екен.
Толымхан Әлмаханов, Бұлақ ауылының тұрғыны:
- Мынау шындық па, өтірік пе бір жерге тәуелсіз эксперттерге апарайық десек: «Ол бізге жарамайды», — дейді. Тест қолданайық десек, тест жарамайды дейді. Тест таза көрсетіп жатыр. Енді бұл жасанды нәрсе ме, шын нәрсе ме?
Ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы биыл 50-ге жуық мал індетке шалдыққанын айтып отыр. «Қазір қажетті шаралар жүргізілуде, сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», - дейді.
Алтай Оразаев, қалалық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы:
- 2025 жылға 46 бас ірі қара малынан бруцеллез анықталды. 1946 бас тексерілді. Бүгінгі күні оң нәтиже бергендері санитарлық талапқа сәкес сойылды.
Бір қызығы, бас ветерианардың айтқанынан бруцеллезге шалдыққан ірі қараның саны мүлдем көп болып тұр. Оны ауылдағы мал дәрігері растады.
Нұрлан Әділханов, ветеринарлық пункттің меңгерушісі:
- 97 бас карантинге беріліп отыр. 74 бас ауылдан шыққан. Қосылғанда 193 бас сойылып отыр.
Талапқа сай екі рет тексергенде мал таза болса, оған екпе салынуы керек. «Бірақ ветеринарлар оны да жасамай отыр», - дейді ауыл халқы. Сондықтан тұрғындар сөзі мен ісі келіспеген мал дәрігерлерінен бөлек комиссия құрып, тексеріс жүргізуді талап етіп отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов