What are you looking for?

“Әйел ұлттың ұйытқысы“. Президент қазақстандық әйелдерді мерекемен құттықтады

07.03.2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтіп жатыр. Салтанатты жиында Президент барша қазақстандық аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді" деген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді", — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев салт-дәстүріміздің бүгінгі күнге дейін жетуі аналардың арқасы екенін атап өтті.

"Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын", — деді Мемлекет басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Social Link

Follow Me On Social Media