What are you looking for?

Ертегіні ересектер де оқыса ғой

01.04.2025

Копенгагендегі Король бағында ерен ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің ежелгі ескерткіші тұр. Олай дейтін себебіміз тас мүсін Андерсеннің көзі тірісінде салынған. Алайда ескерткіштің алғашқы нұсқасы оның көңілінен мүлде шықпаған . Жобаның сызбасында қаламгердің тізесіне отырып ертегі тыңдаған бала бейнеленген көрінеді.

Бұл туралы Андерсен 4 маусым күні күнделігіне мынадай жазба қалдырады: «Кешқұрым мүсінші Собю келді. Мен оған ескерткіштің ұнамағанын жеткіздім. Бірақ ол мені түсінбеді. Басқалар да солай. Менің ертегілерім балаларға емес, негізінен ересектерге арналған. Балалар ертегіні үстірт оқып шығады, ал санасы жетілген жандар оның мағынасына тереңдеп енеді».

Рас... Оралханша орағытсақ, неге біз осы ер жеткеннен кейін ертегі оқуды жалғастырмаймыз?

Мұның себебі ғажайыпқа сенбеуден шығар деймін. Дүниені түгілімен рационалды тұрғыда қабылдау – көңіл құсын торға қамап тастаумен бірдей қылмыс.

Жауға жалғыз шапқан Алпамыстың ерлігі неге мүмкін еместей көрінеді? Бәрі де мүмкін. Ер Төстікке ғайыптан тайып Таусоғар, Желаяқ, Көлтауысар неге келмесін? Келеді. Бұрынғы қазақ дүниені осылай қабылдаған. Құдайдың кез келген қысылтаяңнан алып шығатынына имандай сенген. Сол арқылы олардың бойында ерлік те, өрлік те болды.

Абай айтады: «Ақылға сыймас ол Алла» деп. Ендеше құдайға иланған халық болсақ, бізге дәл осы байырғы сенімді қайта жаңғырту керек.

Асылында, отбасыға қамқорлық, Отанға жанқиярлық махаббат осыдан келіп шығады.

Social Link

Follow Me On Social Media