SpaceX Starship кемесі ұшырылғаннан кейін бірнеше минут өткенде жарылып кетті. Бұл – жыл басынан бері кеме жасаған екінші сәтсіз сынақ ұшуы, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі dw.com сайтына сілтеме жасап.
Ғарыш кемесі ұшырылғаннан кейін жердегі басқару орталығымен байланысын жоғалтты. Осыдан соң ол бөлшектеніп, ауаға жалын шашқан күйі құлады. Федералдық азаматтық авиация басқармасы тіпті Флоридадағы бірнеше әуежайда әуе қозғалысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Бұл апат Маск компаниясының дәл осындай сәтсіз оқиғасынан екі ай өткенде орын алды. 123 метрлік алып зымыран Техастың Бока-Чика аймағындағы SpaceX алаңынан жергілікті уақыт бойынша 18:30-да (Гринвич бойынша 23:30) ұшырылды.
Алғашқы кезең сәтті өтті – Super Heavy үдеткіші ажырап, жерге қайтып оралды. Алайда кеменің жоғарғы бөлігі бірнеше қозғалтқышы істен шығып, басқарылмай айнала бастады.
"Өкінішке қарай, дәл осындай жағдай өткен сынақта да болды. Бірақ енді бізде тәжірибе бар", – деді SpaceX өкілі Дэн Хуот тікелей эфирде.
SpaceX жайлы
Starship екі бөліктен тұрады – Super Heavy үдеткіші және Starship ғарыш кемесі. Ол массасы мен өлшемі бойынша тарихтағы ең үлкен және қуатты зымыран-тасымалдаушы болып саналады. Оның негізгі мақсаты – жүк пен адамдарды Жер маңындағы орбитаға, сондай-ақ Ай мен Марсқа тасымалдау. Сынақ кезіндегі сәтсіздіктер Илон Масктың онжылдық соңына дейін адамзатты Марсқа жеткізу бағдарламасының орындалуына күмән келтіріп отыр.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтарында SpaceX Starship сынақ ұшу кезінде Атлант мұхитының үстінде жарылып кеткен еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз