Алматыда « Алтын адам» анимациялық фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Толықметрлі туынды «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен түсірілген. Балаларға арналған фильм жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлттық мұраға деген қызығушылықты оятады.
«Алтын адам» анимациялық фильмінде сақтардың тарихы, мәдениеті, жауынгерлік өнері әсерлі түрде бейнеленеді. Бас кейіпкер Аңқылдың бастан кешкен шытырман оқиғалары, барыспен дос болуы шығарманың өзегіне айналады. Алтын адамды жас әнші, талантты актёр Аймауыт Майдан дыбыстайды.
Аймауыт Майдан, актёр:
Біздің мақсат – қазақ еліне, қазақ балаларына Алтын адамды толығымен таныстыру және рухани балаларды сусындандыру. Кастинг оңай болған жоқ. Үлкен мультфильм болғандықтан өзіммен жаттықтым. Алтын адам туралы көп зерттедім.
Фильмнің басты мақсаты – қазақ халқының құнды жәдігері алтын сауыттың тарихы мен тамырын зерттеу, жас көрерменге маңыздылығын ұғындыру, дейді шығармашылық топ.
Тұрдыбек Майдан, сценарист, режиссёр:
Балалар осы жәдігерді көргенде қандай адам киді екен деп ойлайды. Бұл фильм сол сұраққа жауап береді. Фильмде сырты жылтыр, алтынмен қапталған Алтын адам емес, оның ішкі рухы, адамшылығы, нағыз Алтын адам дегенді насихаттаймыз.
Кейіпкердің бір әрекетін, қимыл-қозғалысын, әр сатысын бейнелеп, тұтас оқиғаны ойластыру көп уақытты, ауыр еңбекті талап еткен. «Алтын адамды» дайындау барысында бір секунд үшін 24 сурет салынды. Сонда 75 минуттық туындыға 110 мыңға жуық сурет қажет болды, дейді режиссёр Тілек Төлеуғазы.
Тілек Төлеуғазы, режиссёр-аниматор:
«Алтын адам» толықметрлі анимациялық фильмі 2019 жылы басталған. Біз өткен жылдың аяғында аяқтадық. Жалпы, 5 жылға таяу уақыт кетті. Бес жыл аралығында көптеген қиындық кезеңдер болды. Командада 40-тан аса адамдар болды.
Анимациялық фильмде қазақы аңшылық мәдениеті егжей-тегжейлі зерттелгені анық көрінді. Ондағы кейіпкерлердің өн бойында ұлттық бірегейлік байқалады. Режиссёрлік стиль де ерекше. Камера қозғалысы, суреттің түс- реңі көрерменді бірден өзіне елітіп әкетеді. «Алтын адам» толықметрлі анимациялық фильмі 5 маусымнан бастап үлкен экрандарда көрсетілмек.
Айдана Қуантхан