Алматының Шапағат ықшам ауданындағы жарылыстың себебін анықтау үшін арнайы техникалық сараптама тағайындалады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқыс жағдай бүгін таңертеңмен болып, 1 адам қаза тапты. Қатты дүмпуден бір үйдің күлі көкке ұшып, қирандылары жан-жаққа шашыраған.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Оқиға таңғы сағат 8:44-те Биянху көшесіндегі жеке үйде орын алған. 1980 жылы салынған жер үйдегі газ жарылып, салдарынан 76 жастағы тұрғын қайтыс болды. Қатты соққыдан көршінің қоршауы қирап, екі көлікке зақым келген.
Аумақты әп-сәтте шаңға көмген жарылыс көрші үйдің бейнебақылау камерасына таспаланған. Қаза болған қарт осында 15 жыл бойы тұрып келген. Көршілерінің айтуынша, жарты жыл бұрын жары қайтыс болған екен.
Исраил Әлиев, көршісі:
- Жарылыстан менің үйім дір ете қалды. Басында жер сілкінді екен деп далаға шықсам, көше шаңнан көрінбейді. Өзге көршілер де далаға шықты. Жақындап қарасақ, мына үй қирап жатыр екен.
Жарылыстан соң дереу штаб құрылып, Республикалық жедел құтқару жасағы, кинологиялық қызмет жұмылдырылды. Газ, электр жарығы уақытша сөндірілді. Үй иесінің мәйіті түскі екіге таман үйінді астынан табылды.
Дәулет Бекмұхамбетов, қалалық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы:
- Газ құбыры бәрі жертөле қабатында екен. Оның бәрі ашылған жоқ, ашылғаннан кейін барып белгілі болады. Қазіргі таңда бәрі өшіп тұр. Біздің құтқарушылар көргеніңіздей, қирандының бәрін тазалап жатыр. Тазалап болғаннан кейін, бәрін жөндегеннен кейін қосады оны.
Алдын ала болжам бойынша бұл үйде газ-ауа қоспасы жарылған. Оқиғаның мән-жайы мен шығын мөлшерін тергеу тобы анықтайды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев