What are you looking for?

Соналы ауылының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр

04.06.2025

Қостанай облысындағы Соналы ауылының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Аудан орталығына апаратын жолдың да тозығы жеткен. Интернет жылдамдығы төмен. Елуге жуық үйі бар ауылдың халқы арнамызға хабарласып, осылай деп шағымданды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Ауыл ішіндегі екі су колонкасынан қысы-жазы тасып ішудің қиындығы көп. «Ішкі су желісін тартып, үйді-үйге жеткізу жұмысы созбаққа салынып кетті», — дейді тұрғындар. Оның жобалық-сметалық құжатын дайындауға ауыл адамдары да ақша жинаған.

Уәлихан Сүндеталин, ауыл тұрғыны:

- Үй басына су биыл келеді деді. Енді әлі жоқ. Енді бізге ертең, арғы күн болмайды деді. Енбі біз өзіміз білмейміз. Ауылдан ақшада жинады. Бәріне 10 мыңнан жинатқызды.

Жобалық-сметалық құжаттың құны 4 миллион 400 мың тенге болған. Арада жасалған үш жақты меморандумда бар.

Александр Саенко, Сарыкөл аудандық ТҮКШ, Сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Биыл шілде айының басында сметалық жобасы дайын болып, ол сарапшылардың оң бағасын алады деп ойлаймын. Сосын бюджетке тапсырыс береміз. 2,1 шақырым таратушы су желісін тарту керек. Және әрқайсысы 150 текше метр екі резервуар мен су сорғыш станциясын орнату жоспарланып отыр.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл ауылда ауызсу мәселесі ғана өзекті емес. Аудан орталығына дейінгі 40 шақырым жолдың да әбден тозығы жеткен. Сондай-ақ мұнда интернет әлсіз. Ұялы байланыс жұмыс істемейді.

Ақшолпан Зулпухарова, ауыл тұрғыны:

- Интернет емес, біз жай сөйлесе алмаймыз. Мен өзім Шымкенттен келгенмін. Ата-анаммен сөйлесу үшін мен анда-мында жүгіріп жүремін. Байланыс нашар, өте нашар. Және жол мәселесі. Көлігіміз бар мысалы үшін, ай сайын 40-50 мың теңге сол көлікті жөндеуге кетеді. Өйткені жол жаман.

Жалпы Сарыкөл ауданында интернет байланысы нашар 4 ауыл қалды. «Биыл барлығы сапалы ғаламтор желісімен толық қамтылады», - дейді әкімдіктегілер.

Сағынбай Сүндеталин, Тәгіл ауылдық округінің әкімі:

- Былтыр бағдарламамен орталықта Тәгілде өткіздік. Енді биыл жуырда келіп кетті мамандар, спутникпен орнын анықтап, бәрін де қай жерге қоятынымызды белгілеп кетті. Интернет биыл болады.

Жауыр болған жол мәселесі де биыл шешіліп қалар деп отыр. Оның да жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр екен.

Марат Шымырбеков, Сарыкөл ауданының әкімі:

- Енді мынау ЖСҚ дайын болатын болса, ол сараптамадан көп болғанда бір ай көлемінде шығады. Ал енді ол жерде жолды өздеріңіз де барып көрдіңіздер, жолда көп жерінде асфальттың беті бұзылған. Сол себепті сол жерге қаншама зат кететіндігін олар есептеп, сол кішкене уақытты алып жатыр.

Соналыға таза су желісі биыл тартылады деп нақты ешкім айта алмады. «Бәрі сараптамалық комиссия қорытындысы мен бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты», - дейді жауаптылар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Social Link

Follow Me On Social Media