Теңіздің таяздануынан бөлек, ластануы да бүгінде үлкен экологиялық проблема. Мәселен, бір ғана Жерорта теңізіне жыл сайын 250 мың тонна пластик қоқыс тасталады. Мамандар бұл қоқыстың 99 пайызы теңіз түбіне шөгіп, экожүйеге орасан зор зиян тигізетінін айтады. Бұл мәселені шешу үшін Түркия үкіметі қандай қадамдар жасап отыр?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Төрт тарапын теңіз қоршаған Түркиядағы ең шетін экологиялық проблема теңіз суының ластануы. Былтыр жүргізілген зерттеуге сай Жерорта теңізінің Түркия жағалауындағы пластик мөлшері бір шаршы шақырым суда 374 келіге жеткен. Бұл өте көп. Егер осылай жалғаса берсе, алдағы он жылда теңіздің суы енді тазаланбастай бүлінеді, дейді ғалымдар. Дегенмен Түркия кейінгі жылдары теңіз суын тазалау және ластанудың алдын алуға қатысты бірқатар ірі жобаларды бастады. Мәселен, теңіз суының құрамындағы зиянды химиялық заттарды тазалау үшін Бурсадағы Ұлытау университетінің ғалымдары арнайы өсімдіктер тобынан жасалған шағын аралдарды теңізге жіберу жобасын бастады. Зиянды заттарды бойына жинайтын өсімдіктердің арқасында Мәрмәр теңізіндегі фосфор мен азот мөлшері едәуір азайған. Бұдан бөлек қоршаған ортаны қорғау министрі теңізге өндірістік қалдықтар төгетіндерге жаза қатаңдатылғанын ескертті.
Мұрат Курум, Түркияның қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрі:
Биыл жыл басынан бері 11 өңірдегі 62 өндіріс орнының теңізге қалдық су төккені анықталып, оларға тиісті шара қолданылды. Сондай-ақ жағалаудағы барлық облыс қалдық суды теңізге төкпей, міндетті түрде тазарту орталықтарын салуы керек. Егер теңізді тазалауды қазір бастамасақ ертең кеш болуы мүмкін.
Айдос Әшімұлы тілші:
Теңіз суының ластануына ірі қалалардағы қоқыстың сұрыпталмауы да кері әсерін тигізеді. Сондықтан Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жұбайы Емине Ердоған «Нөл қалдық» атты жобаны жүзеге асыра бастады. Жоба бойынша ел аумағында қоқысты сұрыптау және пластик қалдықтарды өңдеу орталықтары ашылды. Осының арқасында былтыр Түркияда қоқыстың 30 пайызы қайта өңделген.
Айдос Әшімұлы